АҚШ пен Иран арасындағы соғыс: Трампты өз халқы тоқтатуы мүмкін
Тамыз бойы Таяу Шығыста соғыс саябырсығандай көрінген, АҚШ Иран аумағына шабуыл жасамады, Тегеран да америкалық әскери нысандарға бұрынғыдай үздіксіз зымыран атпады.
Вашингтон санкцияны күшейтті, Тегеран Ормуз бұғазының тағдырын Оманмен талқылады. Бір мезетте дипломатия қайта жанданып, алты айға созылған соғыс біртіндеп келіссөз үстеліне ауысатындай әсер қалдырды.
Бірақ бұл дауыл алдындағы тыныштық екен. Жаз аяқтала сала соғыс өрті Таяу Шығысты қайта шарпыды. Иран тарапынан бірнеше адам қаза тапты. Осыдан соң шетелдік БАҚ «Тегеран келіссөзге емес, ұзақ соғысқа дайындалып жатыр» деген хабар таратты. Соған қарағанда, екі ел арасындағы қақтығыс жақын күндері аяқталмайтын сияқты.
30 тамызда АҚШ Иран аумағын бір айдан кейін қайта соқты. Арада екі күн өткенде Вашингтон Иранның оңтүстігіндегі әскери нысандарға әлдеқайда ауқымды шабуыл жасады. Тегеран оған Иордания, Бахрейн, Кувейт және Ирактағы америкалық нысандарға зымыран мен дрон жіберіп, жауап берді. Қыркүйектің алғашқы аптасында қақтығыс теңізге ауысып, америкалықтар ирандық мұнай танкерлерін атқыласа, Иран америкалық әскери кемелер мен Ормуздан өтпек болған танкерлерді нысанаға ала бастады. Осылайша бір айға жуық үнсіздіктен кейін соғыс қайта өршіді. Алты айда екі тарап та қарсыласының әлсіз әрі мықты тұстарын байқап үлгерді. Вашингтон Тегеранды экономикалық жағынан тұншықтыруға ден қойса, Иран АҚШ-ты әскери жолмен жеңе алмаса да, соғысты ұзарту арқылы оған экономикалық және саяси шығын келтіруге болатынын түсінгендей.
Бұлай дейтін себебіміз, АҚШ әскері Иранмен бес айлық қақтығыста ATACMS пен PrSM секілді алысқа ұшатын әрі дәлдігі жоғары зымырандар қорының өте үлкен бөлігін жұмсап қойған. Шетелдік БАҚ америкалықтар Tomahawk зымырандары қорының жартысына жуығын пайдаланғанын да жазды. Ақ үй мұны жоққа шығарып, «АҚШ-та қажетті оқ-дәрі жеткілікті екенін» мәлімдеді. Соған қарамастан, ұзақ соғыс Вашингтонның әскери қорына салмақ түсіретіні анық. Тіпті Ақ үй генералдары мұны Трампқа ескерткен де көрінеді. Бұл жағдай Трампқа қатты әсер еткені анық. Бұған ширыға бастаған ішкі саясатты қосыңыз. Себебі алдағы қарашада АҚШ-та Конгреске аралық сайлау өтеді. Reuters/Ipsos сауалнамасы бойынша америкалықтардың небәрі төрттен бірі ғана Ирандағы соғыс оған кеткен шығынға тұрарлық деп есептейді. Соғыс жанармай бағасын өсіріп, Трамптың рейтингіне кері әсер етті. Республикалық партия Конгрестегі аз ғана басымдығын сақтап қалуға тырысады. Ал Иранның мұны түсінбеуі мүмкін емес.
Міне, бір айға жуық тыныштық 30 тамызда осылай бұзылды. АҚШ әскері Иранның Ормуз бұғазындағы Ларак аралында орналасқан екі зымыран қондырғысына соққы жасады. Америкалық шенеуніктің айтуынша, Ислам революциясы сақшылары корпусы бұл қондырғылар арқылы Ормузға теңіз миналарын жеткізетін зымырандарды ұшыруға әзірленген. Бұл – АҚШ-тың Иран аумағына шілденің соңынан бергі алғашқы ауқымды шабуылы. Иран тарапы әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар және жараланғандар болғанын хабарлап, Вашингтонға жауап берілетінін мәлімдеді. Көп ұзамай Иран Иорданиядағы АҚШ күштеріне бағыттап, баллистикалық зымырандар ұшырды. Америкалық тарап зымырандардың басым бөлігі әуеде атып түсірілгенін және елеулі шығын болмағанын айтты. Бұдан кейін жағдай өте жылдам өзгерді.
31 тамызда Дональд Трамп әлеуметтік желіге Иранның аса маңызды мұнай экспорттық орталығы – Харк аралының жойылып жатқанын бейнелейтін жасанды интеллект көмегімен жасалған видео жариялады. Алайда АҚШ шенеунігі Харк аралына сол түні соққы жасалмағанын нақтылады. Вице-президент Джей Ди Вэнс бұл видеоны әскери операция туралы хабарлама емес, «Тегеранға бағытталған белгі» деп түсіндірді.
Ал 1 қыркүйекте АҚШ Иранға жаңа ауқымды шабуыл бастады. CENTCOM Иранның әуе қорғанысы жүйелері, радарлары, теңіз күштерінің нысандары, мина қоюға арналған мүмкіндіктері және коммуникациялық инфрақұрылымы соққыға ұшырағанын мәлімдеді. Тегеран да Иран Бахрейн, Иордания, Кувейт және Ирактағы АҚШ нысандарына зымыран және дрон шабуылдарын жасағанын хабарлады. Кувейттегі Әли әл-Салем авиабазасы нысанаға алынды. Бахрейн Иран дрондарын атып түсіргенін мәлімдеді. Иран Иордания мен Иракта америкалық әскери қызметкерлердің қаза тапқанын айтқанымен, АҚШ шенеуніктері бастапқы тексеру бойынша адам шығыны болмағанын хабарлады. Алайда Тегеран тарапынан адам шығыны болды. Иран Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі 30 тамыз бен 2 қыркүйек аралығындағы америкалық соққылардан 18 адамның қаза тауып, 142 адамның жараланғанын хабарлады. Олардың арасында оңтүстіктегі Сирик қаласында той өтіп жатқан үйге түскен соққыдан қаза тапқан төрт адам да бар. Бұдан бөлек, ирандық БАҚ сол аптадағы АҚШ соққыларынан кемінде 13 әскери қызметкер қаза тапқанын хабарлады. Олардың ішінде үш ұшқыш, «Басидж» жасағының мүшелері және Ислам революциясы сақшылары корпусының әуе-ғарыш күштерінің әскери қызметкерлері бар.
5 қыркүйекте қақтығыс тағы бір қауіпті шекке жетті. Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы АҚШ Әскери-теңіз күштерінің екі кемесіне баллистикалық зымырандар бағыттады. CENTCOM америкалық әскери қызметкерлердің зардап шекпегенін хабарлады. Вашингтонның жауабы бұл жолы әскери базаға емес, Иранның мұнай тасымалына бағытталды. АҚШ әскері үш ирандық мұнай танкеріне шабуыл жасады. Олардың бірі Харк аралының маңында тұрған. CENTCOM басшысы адмирал Брэд Купер Иран екі америкалық кемеге оқ атса, АҚШ оған бұдан да үлкен экономикалық шығын келтіретінін мәлімдеді. Тегеран бұған да жауап берді. Иран революциялық гвардиясының әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазында рұқсат етілмеген бағытпен жүрген үш танкерді және басқа аудандардағы АҚШ-пен байланысты үш кемені нысанаға алғанын айтты.
Бұл, әрине, Ормуздағы сауда кемелері бағытына бірден әсер етті. Қыркүйектің алғашқы демалысында Ормуз арқылы өтетін сауда кемелерінің қозғалысы мамырдан бергі ең төмен көрсеткішке түсті. Кейінгі он күнде бұғаздан тәулігіне орта есеппен он тауар кемесі ғана өткен. 5 қыркүйекте олардың саны небәрі екеу болды. 7 қыркүйекте Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 97 доллардан асты.
Жәнібек КӨПЖАСАР, ирантанушы: Иранда өмір сүру қатты қиындап кетті
– Меніңше, АҚШ ақыры дегеніне жетеді. Олар жасырын түрде келіссөз жүргізіп, ешқандай нәтижеге қол жеткізбеген деп ойлаймын. Енді кешегі қақтығысты Иран бастады. АҚШ-тың әскери кемелерін атқылады. АҚШ қарымта жауап берді. Сөйтіп шабуыл жалғасып жатыр. Оның үстіне Иранның ешқандай мүмкіндігі қалмады. Блокадаға Еуропа да қосылды. Қытай ғана Ираннан мұнай өнімдерін алып отыр. Алайда Тегеранның мұнай экспорты соғысқа дейін шамамен 2 млн баррель болса, қазір ол 500-ге түсіп қалды. Одан бөлек Бейжің Мәскеуден мұнай алмақ. Оның үстіне Ақ үй мен Бейжің арасында да жасырын келіссөз болған сияқты. Келіссөз бойынша АҚШ Тайван ісіне араласпайды, есесіне, Қытай Ираннан мұнай және мұнай өнімдерін сатып алмайды. Бұл жол соған келе жатқан сияқты. Бір жағынан, Ресей де Иранды қолдап отыр. Алайда АҚШ-тың Ресеймен қайта-қайта келіссөз жүргізгеніне қарасақ, олар да сол бір келісімге келіп жатқан сыңайлы. Олар да Украинаны көндіріп, Қырым мен Донбассты Ресейге алып беріп, соғысты тоқтатып, «Иран ісіне араласпайсың» деген талап қоюы мүмкін.
Шетелдік БАҚ жазып жатқандай, Иран ұзақ соғысқа төтеп бере алмайды. Ирандағы жағдай өте қиын. Себебі блокада қойғаннан бастап экономикасы қатты құлдырап, қазір дефолттың алдында тұр. 1 доллар 2 млн 300 риалға жетті. Жанармай тапшылығы бар. Сырттан келетін дәрі-дәрмек тоқтаған. Іште дәрі тапшылығы туындады. Азық-түлік бағасы күн сайын 10-20 пайызға өсіп барады.
АҚШ-тың негізгі көздегені – ашық соғысқа бармау. Оның шығынға әкелетінін түсінді. Бірақ Иранның арзан дрондарына қымбат қаруын қолдануға мәжбүр. Сондықтан артық шығынға ұшырамау үшін экономикалық қысымды қолданады. Менің ойымша, күздің аяғы немесе қыстың басында үлкен өзгеріс болады. Оған дейін осылай бір-бірін атқылай береді, кішігірім қақтығыс жалғасады. Алдағы уақытта Иранда қаңтардағыдан да үлкен көтеріліс болуы мүмкін. Қаңтарда қару пайдаланған соң халық қорқып қалды. Қазір өмір сүру қатты қиындап кетті. Оның үстіне Әли Хоменеи жоқ. Можтаба Хоменеидің жағдайы белгісіз. Халықтың ашуына тиіп жатқаны – Можтаба Хоменеидің Лондонда бірнеше сарайы бар екендігі. Соны ашық саудаға қойған.
Жуырда тағы бір ақпарат тарады. Соңғы 10 жылда Әли Хоменеидің денсаулығына байланысты Иранды Можтаба Хоменеи билеп келген. Демек, кейінгі 10 жылда Иранды ИРСК басқарды деген сөз. Сондықтан Иран ішіндегі саяси элита арасында да көзге көрінбейтін күрес жүріп жатыр. Мұның соңы өз ішіндегі бүлікке әкеп соғуы мүмкін.
Тамыздағы бір айлық тыныштық АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың келесі кезеңге өткенін көрсетті. 30 тамыздан кейінгі оқиғалар соны анық аңғартты. Алдымен Иран аумағындағы әскери нысандарға соққы жасалды, кейін Тегеран Таяу Шығыстағы америкалық базаларға жауап берді. Артынша қақтығыс Ормуз бұғазына ауысып, әскери кемелер мен мұнай танкерлері нысанаға ілікті. Яғни соғыс бұрынғыдан да қауіпті сипат ала бастады.Қазір бұл қақтығыста кімнің әскери күші басым екені шешуші фактор емес. АҚШ-тың әскери әлеуеті Ираннан әлдеқайда жоғары екені түсінікті. Бірақ Тегеранның да Вашингтонға қысым жасайтын құралдары бар. Соның ең маңыздысы – Ормуз бұғазы, мұнай бағасы және уақыт. Иран АҚШ-ты әскери жолмен жеңе алмаса да, соғысты созу арқылы Вашингтонның шығынын көбейтіп, америкалық қоғамдағы наразылықты күшейтуге тырысуы мүмкін.
The New York Times келтірген АҚШ барлау қызметтерінің бағалауы да осыны көрсетеді. Иран басшылығы алты айлық соғыстан кейін өзінің мүмкіндігіне сенімі артып, қақтығысты бірнеше айға созуға дайындала бастағандай. Егер бұл бағалау дұрыс болса, Тегеранның мақсаты тез арада келісімге келу емес, уақытты өз пайдасына шешу болуы мүмкін. Бірақ Иранның жағдайы да оңып тұрған жоқ. Санкциялар күшейіп, мұнай экспорты азайды, экономикаға түсетін салмақ артып барады. Сондықтан бұл соғыста екі тарап та қарсыласының алдымен қансырауын күтіп отырғандай.
Тұрсынбек БАШАР