АҚШ пен Иран қақтығысты тоқтату туралы меморандумға қол қоюға жақын – БАҚ
Меморандум небәрі бір беттен тұратыны айтылып отыр. Құжатқа сәйкес, тараптар әскери әрекеттерді тоқтатып, Ормуз бұғазын ашады және кейін Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге көшеді.
Axios басылымының хабарлауынша, Ақ үй жақын арада Иранмен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы соғысты аяқтауға үміттеніп отыр. Құжат бойынша тараптар әскери қимылдарды тоқтатып, Ормуз бұғазын қайта ашады, ал кейін Иранның ядролық бағдарламасына қатысты толыққанды келіссөздер басталады.
Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерге делдал болып отырған Пәкістандағы дереккөз де бұл ақпаратты растаған.
Басылым мәліметінше, меморандум бар болғаны бір беттен тұрады. АҚШ алдағы 48 сағат ішінде Ираннан бірнеше негізгі мәселе бойынша жауап күтуде. Әзірге нақты келісім жасалған жоқ, алайда дереккөздердің айтуынша, тараптар бұрын-соңды мұншалықты жақын болмаған.
Келісімге сәйкес, Иран уран байытуды уақытша тоқтатуға міндеттеме алады. Ал АҚШ санкцияларды алып тастауға және Иранның бұғатталған миллиардтаған доллар қаражатын босатуға келіседі. Сонымен қатар екі тарап та Ормуз бұғазы арқылы транзитке қойылған шектеулерді алып тастауы тиіс.
Меморандумдағы шарттардың көпшілігі кейін жасалатын түпкілікті келісімге байланысты болады. Бұл соғыстың қайта басталу қаупін немесе қазіргі тұрақсыз жағдайдың сақталуын жоққа шығармайды. Яғни әскери әрекеттер тоқтағанымен, ұзақ мерзімді шешім әлі әзірленбеген.
Axios еске салғандай, Вашингтон бұған дейін де бірнеше рет Иранмен келісімге келуге қатысты оптимистік мәлімдемелер жасаған. Бірақ нақты нәтиже шықпаған еді.
Соған қарамастан, америкалық екі шенеунік президент Дональд Трамптың Ормуз бұғазындағы жақында жарияланған операциядан бас тартуы келіссөздердегі ілгерілеумен байланысты екенін айтқан.
Ақ үй Иран билігінің ішінде бірлік жоқ деп санайды. АҚШ әкімшілігінің пікірінше, түрлі саяси топтар арасында консенсусқа келу қиын болуы мүмкін. Кейбір америкалық шенеуніктер тіпті алдын ала келісімге қол жеткізу мүмкіндігіне әлі де күмәнмен қарайды.
Нені келісу жоспарланып отыр?
Axios мәліметінше, Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Иранның бірнеше өкілімен 14 тармақтан тұратын меморандум жобасын талқылап жатыр.
Құжатта:
соғыстың аяқталғаны жарияланады;
Ормуз бұғазы ашылады;
Иранның ядролық бағдарламасын шектеу мәселесі қаралады;
АҚШ санкцияларын жою бойынша 30 күндік келіссөздер кезеңі басталады.
Бұл келіссөздер Исламабад немесе Женева қалаларында өтуі мүмкін.
Америкалық шенеуніктің айтуынша, осы 30 күн ішінде Иранның бұғаз арқылы кеме қозғалысына қойған шектеулері мен АҚШ-тың теңіз блокадасы кезең-кезеңімен алынып тасталады.
Егер келіссөздер сәтсіз аяқталса, АҚШ блокаданы қайта енгізуі немесе әскери әрекеттерді жаңғыртуы мүмкін.
Уран байытуға мораторий мерзімі де негізгі талқылау тақырыбына айналған. Үш дереккөздің айтуынша, мораторий кемінде 12 жыл болуы мүмкін, ал тағы бір дереккөз 15 жыл нұсқасы қарастырылып жатқанын айтқан.
Бұған дейін Иран 5 жылдық мораторий ұсынса, АҚШ 20 жыл талап еткен.
Сонымен қатар АҚШ келісімге Иран шарттарды бұзған жағдайда мораторий мерзімін ұзарту туралы тармақ енгізгісі келеді.
Осы мерзім аяқталғаннан кейін Иранға уранды 3,67 пайыз деңгейіне дейін ғана байытуға рұқсат берілуі мүмкін.
Меморандумда Иран ядролық қару жасауға ұмтылмайтыны туралы міндеттеме де қарастырылған. Сондай-ақ БҰҰ инспекторлары жүргізетін күшейтілген және жоспардан тыс тексерулерге келісім беру мәселесі талқылануда.
Axios тағы екі дереккөзге сүйеніп, Иран жоғары деңгейде байытылған уранын елден шығаруға келісуі мүмкін екенін жазды. Бұл – АҚШ-тың негізгі талаптарының бірі. Бұған дейін Тегеран мұндай ұсынысты қабылдамаған болатын.
Болжам бойынша, байытылған уран АҚШ аумағына шығарылуы мүмкін.
Ал АҚШ өз кезегінде Иранға салынған санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастауға және әлем бойынша бұғатталған ирандық миллиардтаған доллар қаражатын босатуға міндеттеме алмақ.