Сараптама

АҚШ пен Иранның Швейцариядағы кездесуі Таяу Шығысқа тыныштық орната ма?

21-22 маусым күндері АҚШ пен Иран өкілдері Швейцарияда кездесті. Тараптар 60 күн ішінде түпкілікті келісімге жетуге арналған бітімге келіскен.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелердің қауіпсіз өтуі үшін арнайы байланыс желісі құрылмақ. Ливандағы соғыс қимылдарын реттеуге бөлек бақылау жасалмақ. Енді аталған келісімді пысықтау апта соңына дейін жалғасады. Алайда әлем сарапшылары арасында «60 күн келісім жаңа соғыстың бастауы болуы мүмкін» деген болжам айтылып жатыр. Оның үстіне, осы келісім барысында Иран билігі ішінде алауыздық бар екені тағы да көрініп қалды.

Меморандумның мәні неде?

Бюргенштоктағы келіссөздің алдында АҚШ пен Иран арасында меморандумға қол қойылғаны хабарланды. Швейцария Сыртқы істер министрлігі бұл процесті растап, Бюргенштоктағы кездесуді сол меморандумды іске асыру жөніндегі алғашқы қадам деп сипаттады. Яғни Швейцариядағы жиын жаңа келісімге қол қою рәсімі емес, бұған дейін жасалған саяси түсіністіктің орындалуын талқылаған отырыс болды.

Шетелдік БАҚ құжат 14 тармақтан тұратынын жазды. Онда 60 күндік келіссөз кезеңі, Иранның ядролық бағдарламасы, Ормуз бұғазының болашақ режимі, АҚШ санкциялары, Иранның бұғатталған активтері, мұнай экспортына рұқсат және Иранды қайта қалпына келтіру жоспары қамтылған. Бірақ құжаттың толық ресми мәтіні әлі жарияланған жоқ. АҚШ тарапы өз нұсқасын түсіндірді, ал Иран бұл нұсқаны толық әрі ресми түрде бекіткен жоқ.

Міне, осы жерден-ақ алғашқы қайшылық көрінеді. Бір тарап келісімді «соғысты тоқтататын негіз» деп түсіндірсе, екінші тарап оны «орындалуы тиіс міндеттемелер пакеті» ретінде қарастырып отыр. АҚШ-тың басты мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасын шектеу және аймақтағы ықпалын әлсірету. Ал Иран санкцияны жұмсарту, мұнайын еркін сату, бұғатталған ақшасына қол жеткізу және Ормузды келіссөздегі басты қысым құралы ретінде сақтауды қалайды. Сондықтан бұл меморандумды толыққанды бейбіт келісім деуге келмейді. Бұл – екі қарсыластың бірін-бірі әлі де жау санай отырып, соғысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болған сәті. Тараптар бір-біріне сенгеннен емес, мүмкіндігінен қорыққаннан келіссөзге отырды десек дұрыс болады.

Фото: NYT

Неге Бюргенштокты таңдады?

Швейцарияның Бюргеншток курорты кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл жер қауіпсіздік тұрғысынан бақылауға ыңғайлы, БАҚ пен сыртқы қысымнан алыстау. Бұған дейін де Швейцария халықаралық делдалдық, құпия дипломатия, күрделі келіссөздер алаңы ретінде танылған. АҚШ пен Иран арасында тікелей дипломатиялық қатынас жоқ кезде де Швейцария Вашингтонның Тегерандағы мүддесін қорғаушы ел ретінде ұзақ жылдар бойы арнайы рөл атқарып келеді.

Алайда бұл жолы Швейцария басты делдал емес. Негізгі делдалдар – Қатар мен Пәкістан. Бұл да кездейсоқ емес. Қатар соңғы жылдары Таяу Шығыстағы күрделі келіссөздерде араағайын рөлін күшейтті. Ал Пәкістан Иранмен де, АҚШ-пен де белгілі бір байланыс арнасын ұстап отырған мемлекет. Осы екі елдің қатысуы келіссөздің тек АҚШ пен Иран арасындағы мәселе емес, кеңірек мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы тепе-теңдік іздеу әрекеті екенін көрсетеді.

Келіссөз басталған сәттің өзі тыныш өткен жоқ. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатаң ескерту жасады. Ол Иран Ливандағы одақтастарын тоқтатпаса, АҚШ Иранға қайта әрі бұрынғыдан қаттырақ соққы жасайтынын мәлімдеді. Бұған қоса, шетелдік БАҚ Трамптың Ормуз бұғазын жабуға қатысты Иранға өте қатал сөз айтқанын жазды.

Бұл мәлімдемелер Швейцарияда келісім күтіп отырған ирандықтарға бірден әсер етті. Иран делегациясы наразылық білдіріп, келіссөз кабинетіне қайта кірмей қойғаны белгілі болды. Бірақ бұл келіссөз тоқтап қалды деген сөз емес. Хабарламалар Қатар мен Пәкістан делдалдары арқылы алмасып, диалог түнге дейін жалғасқанын көрсетті.

Осы көріністің өзі АҚШ-Иран қатынасының табиғатын ашады. Екі ел келіссөз орнатып, сөйлескісі келеді, бірақ бір-біріне сенбейді. Ал Трамптың қатаң сөзі келіссөзге кедергі келтіргенімен, дәл сол қатаңдық оның мәмілені ішкі саясатта қорғауына да мүмкіндік береді. Ол «мен Иранға жеңілдік жасамадым, мен оларды қысыммен келісімге әкелдім» дегенді аңғартады. Иран да дәл солай: «біз қысымнан қорыққан жоқпыз, ұлттық мүддемізді қорғап отырмыз» дегенді өз халқына ұқтырғандай болды. Осылайша, дипломатия сырттай сыпайы көрінгенімен, оның ішінде екі жақтың да өз қоғамына арналған спектаклі жүріп жатыр.

Фото: Nurphoto / Getty Images

Ормуз – Иранның саяси қаруы

Ормуз – әлемдік энергетика жүйесінің күретамыры. Иран дәл осыны жақсы түсінеді. Швейцариядағы кездесу қарсаңында Иран Ормуздағы қозғалысты қайта шектегенін мәлімдеді. АҚШ бұғаз толық жабылды дегенді жоққа шығарды. Ал Қатар мен Пәкістан мәлімдемесіндегі Ормуз бойынша байланыс желісі осы себепті маңызды. Бұл байланыс желісі теңіздегі кездейсоқ қақтығысты, түсінбеушілікті, әскери арандатуды азайту үшін керек. Бірақ ол бұғаз толық ашылды дегенді білдірмейді. Сондықтан Ормуз бұғазының толық ашылғаны емес, оны ашық ұстауға арналған дипломатиялық механизмнің құрылғаны маңызды. Ал механизмнің жұмыс істеуі Иранға берілетін экономикалық жеңілдіктерге, Ливандағы ахуалға және АҚШ-тың санкциялық саясатына байланысты болады. Сол себепті бұғаз толық ашылды, бірақ енді әлемдік экономика қайта қалпына келеді деп айтуға әлі ерте. Ормуз ашылған күннің өзінде де шаңырағы шайқалған әлемдік нарықтың қайта қалпына келуіне әлі бірнеше жыл қажет болуы мүмкін.

Швейцариядағы келіссөздің нәтижесі бірден мұнай нарығына әсер етті. Келіссөзде ілгерілеу бар деген хабардан кейін Brent бағасы төмендеді. Бірақ қара алтын бағасының төмендеуі саяси қауіптің жойылғанын білдірмейді. Нарық көбіне қысқа мерзімді белгіге жауап береді. Ал Таяу Шығыстағы дағдарыс ұзақ мерзімді қайшылықтарға негізделген. Иранның ядролық бағдарламасы, АҚШ санкциялары, Израильдің қауіпсіздігі, «Хезболла», Парсы шығанағындағы теңіз режимі – мұның ешқайсысы бір күнде шешілмейді. Сондықтан мұнай бағасының төмендеуі дипломатияға берілген аванс қана. Егер 60 күндік процесс сәтсіздікке ұшыраса, Ормуз қайтадан қысым құралына айналуы мүмкін.

Фото: Жас Алаш

Жәнібек КӨПЖАСАР, ирантанушы:  Швейцариядағы келіссөз Иран билігі ішіндегі тартысты көрсетті

– Меніңше, Трамп пен Пезешкиан қол қойған 60 күндік ымыраға келу келісімі орындалмайды. Біріншіден, бұл келісімге Израиль қарсы. Трамп пен Пезешкиан қол қойғанның ертесіне олар Ливанды бомбалады, әлі де бомбалап жатыр. 21 маусым күні түнде журналистер Трамптан «Нетаньяхумен қарым-қатынасыңыз осы жағдайдан соң нашарлады ма?» деген сұраққа «жоқ, бұл жерде кінә Иранда, олар Ливандағы мәселені өздері шешуі керек» деп жауап берген. Сондықтан ерте ме, кеш пе, 60 күндік келісім күшін жоюы мүмкін деп ойлаймын. Бұдан шығатын түйін мынау: екі ел осымен келісімге келеді деп кесіп айтуға әлі ерте. Өйткені оның ешқандай алғышартын көріп тұрғаным жоқ. Содан кейін аталған келісімшарт көбіне Иранның пайдасына шешілген. Егер осы келісімшарт бойынша бітімге келсе, Иран жеңді деп айтуға болады. Иран қазірдің өзінде «біз жеңдік» деп хабарлаған. Бұған АҚШ келіспейді деп ойлаймын. «Келісімге келуге әлі ерте» деп отырғаным – осыдан.

Ал 21-22 маусымдағы Швейцариядағы кездесуде бір нәрсе айқын көрінді. Бұл – Иранның ішіндегі тартыс. Яғни Ирандағы реформаторлар мен консерваторлар арасында көзқарас қайшылығы байқалады. Өйткені қазір реформаторлар «келісімге келу керек, кей нәрселерден бас тартқан дұрыс» деп келісімді қолдап жатса, ал консерваторлар: «Ешқандай келісімге келуге болмайды, Швейцарияға барғандардың барлығы сатқын. Көсемімізді өлтіргендермен қалай бір үстел басына отырамыз?!», – деп қарсылық танытып жатыр. Айта кетерлігі, Иран мәжілісінің басым бөлігі консерваторлардан тұрады. Сондықтан Иран заңы бойынша кез келген халықаралық келісім мәжілісте қолдау табуы қажет. Олар бекітуі керек. Осы мәселеге байланысты Иран мәжілісмендері қатаң мәлімдеме жасады. Өйткені 22 маусымдағы кездесуде Пәкістан премьер-министрі Шариф бірге суретке түсуді ұсынды. Бірақ ирандықтар «біз суретке де түспейміз, ешқандай келіссөз болмайды» деп, кабинеттен шығып кеткен. Алайда кейін Аракчи әлеуметтік желіде: «Нақты келісімге келгеніміз жоқ. Қарсы тараппен сөйлестік. Бірнеше мәселе бойынша келісімге келетін шығармыз. Жұмыс тобы қалды, ары қарай солар жалғастырады», – деп жазба қалдырды. Соған қарағанда, олар, бір жағынан, Ирандағы консерваторлардан да қорқып отырған сыңайлы. Егер олар суретке түссе, нақты келісімге келсе, Ирандағы консерваторлар көтеріліп кетуі мүмкін. Өйткені бұл елде әлеуметтік жағдай өте қиын. 20 маусымда президент Пезешкиан: «Халықтың жағдайы өте ауыр, инфляция бір ай ішінде 60 пайыздан асып кетті. Тағы да бір әлеуметтік дүмпу болуы ықтимал. Біз соның алдын алуымыз керек», – деп мәлімдеді. Демек, Иран АҚШ-пен уақытша болса да ымыраға келуге мәжбүр. Мысалы, Ормуз бұғазы 2 күн бойы ашық болды. Сол уақыт аралығында Иран 1,5 млрд долларға мұнай сатып үлгерді. Осы жағдайларға қарасақ, Иран экономикалық жағынан да әл жинап, уақыт ұтудың амалын жасап жатқан сияқты.

Егер соғыс өрті қайта тұтанатын болса, Иран басшылығының сеніп отырғаны – халқы мен «АҚШ пен Израиль бізге жаяу әскер кіргізбейді» деген сенім. Өйткені жақында жоғарғы биліктегі бір шенеунік тілшіге сұхбат бергенде осындай сөз айтып қалған. Ол сұхбат жариялана салысымен қайтадан интернеттен өшірілді. Соған қарағанда, олар өз барлауы арқылы немесе басқа бір каналдар арқылы АҚШ-тың жаяу әскер кіргізбейтініне сенімді. Ал Ақ үй жаяу әскер кіргізбесе, үлкен соғыста жеңіске жете алмайды. Алайда Трамп жаяу әскер кіргізейін десе, соғыс ұзаққа созылып кетеді деп алаңдайды. Өйткені АҚШ Ираннан халық саны 2-3 есе аз Ауғанстан мен Иракқа жаяу әскер кіргізіп, қатты шығынға ұшырады. Ал Иранның олардан халық саны да, әскері де бірнеше есе көп. Оның үстіне, ең аз дегенде Ирандағы халықтың 10 пайызы осы режимді қолдайды. Сосын қаңтар қырғыны кезінде Ислам режиміне қарсы шыққан азаматтар Иран билігінің АҚШ-пен жүргізген екі айлық соғысынан кейін режимнің ұлы державаға төтеп бергеніне масаттанып, енді оларды қайтадан қолдай бастады. Бұл жердегі ең негізгі мәселе – Әли Хоменей. «Ол халықты басып-жаншыды, қазір оның көзі жойылды, енді ондай шексіз билікке ие адам жоқ. Сондықтан да халықтың жағдайын ойлайтын саясаткерлер де бар. Олар ымыраға келеді. Енді халықты бұрынғыдай қырмайды. Сондықтан осы режим қалсын» дегендердің саны көбейген. Оны билік те біліп отыр. Өйткені кейбір шенділер халықтың сөзін сөйлегендей болып, азаматтарды өз жанына тартып жатыр. Қысқасы, бейбітшілік орнайды деуге әлі ерте.

Фото: x.com/GovtofPakistan

Ливан қалай шешуші факторға айналды?

АҚШ пен Иран келіссөзінің сыртында тұрған, бірақ оның тағдырын шешетін басты алаң – Ливан. Себебі Иранға Ливандағы «Хезболла» ұйымы одақтас емес, Тегеранның аймақтағы ықпал жүйесінің негізгі буыны. Ал Израильге аталған ұйым тікелей қауіп. АҚШ Израильдің қауіпсіздігін өз саясатының орталық элементі санайды. Демек, Ливандағы әрбір соққы Швейцариядағы келіссөз үстеліне әсер етеді. Бюргенштоктағы келіссөзге дейін Ливанда атысты тоқтату туралы хабар болғанымен, шабуылдар жалғасқан. Иран дәл осыны алға тартып, «АҚШ өз міндеттемесін орындамай отыр» деп мәлімдеді. Екі ел Ливанға келгенде екі түрлі көзқарас танытады. Осы қайшылық шешілмей, АҚШ-Иран келісімі орнықты болмайды. Себебі тараптар ядролық бағдарлама туралы сөйлескен сайын Ливандағы әскери оқиға бүкіл процесті тоқтатып тастауы мүмкін.

Иран неден ұтты?

Иранның келіссөзге келуінің басты себебі – экономикалық қысым. Ұзақ мерзімді санкциялар, соғыс шығыны, мұнай экспортындағы шектеулер, бұғатталған активтер, ішкі инфляция Тегеранды мәмілеге итермеледі. Иран сырттай қатқыл сөйлегенімен, экономикалық жағынан келіссөзге мұқтаж. Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи келіссөзден кейін ілгерілеу болғанын айтты. Оның мәлімдеуінше, Иран мұнай және мұнай-химия экспорты бойынша жеңілдіктерге, бұғатталған активтердің бір бөлігін босатуға және қайта қалпына келтіру жоспарына қол жеткізген. АҚШ тарапы бұл мәлімдемелердің бәрін бірден растаған жоқ. Бірақ Иранның осылай айтуының өзі ішкі аудиторияға бағытталған маңызды белгі.

АҚШ-тың ұпайы түгел ме?

АҚШ-тың басты мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасын бақылауға алу және Тегеранның аймақтағы әскери-саяси ықпалын шектеу. Бюргенштоктағы кездесуде АҚШ бұл мақсатқа бірден қол жеткізген жоқ. Бірақ Вашингтон үшін маңызды нәрсе – Иранды 60 күндік келіссөз режиміне енгізу. 60 күн – дипломатияда аз уақыт емес. Бұл кезеңде АҚШ Иранның уран қорын, байыту деңгейін, инспекция тәртібін, сондай-ақ санкцияны кезең-кезеңімен алу шарттарын, Ормуздың болашақ режимін талқылауға мүмкіндік алады. Сонымен бірге АҚШ нарықты да реттейді, яғни мұнай бағасы төмендейді, кеме қатынасы бойынша байланыс желісі құрылады, Ливан бойынша механизм пайда болады.

Бірақ АҚШ-тың да тәуекелі бар. Егер «Трамп әкімшілігі Иранға тым көп жеңілдік берді» деген сын күшейсе, ішкі саяси қысым да артады. Израиль де бұл келісімге күмәнмен қарайды. Израиль келісімнің қатысушысы емес, бірақ оның Ливандағы әрекеті АҚШ-Иран процесіне тікелей әсер етіп отырғанын жоғарыда жаздық. Яғни Вашингтон Иранмен келіссе де, Израильдің іс-әрекетін толық басқара алмайды.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Түйін

Қазір әлемдік БАҚ пен сарапшылар арасында «60 күндік үзіліс жаңа соғысқа дайындық па?» деген сауал көтеріліп жатыр. Иә, келісімнің ең маңызды тұсы – 60 күндік тыныштық. Бұл мерзім екі түрлі мағына береді. Біріншіден, бұл – бейбітшілікке берілген мүмкіндік. Тараптар осы аралықта ядролық бағдарлама, санкциялар, активтер, Ормуз, Ливан мәселелерін реттеуге тырысады. Егер саяси ерік болса, 60 күн нақты келісімге жол ашуы мүмкін.

Екіншіден, бұл жаңа қақтығысқа дейінгі үзіліс болуы да ықтимал. Егер тараптар бірін-бірі алдады деп санаса, Ливанда атыс қайта күшейсе, Ормузда әскери қақтығыс болса, Трамп немесе Иранның шенеуніктері келісімді ішкі саясатта құрбан етсе, 60 күн тек соғыстың жаңа кезеңіне дайындық болып шығуы әбден мүмкін.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі