Саясат

АҚШ сапары қарсаңында Си Цзиньпиннің денсаулығына қатысты алаңдаушылық пайда болды

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Үндістанда өткен БРИКС саммиті кезінде әлем көшбасшыларына арналған кешкі асқа қатыспаған.

Фото: ашық дереккөз

Осыдан кейін оның денсаулық жағдайына қатысты сұрақтар туындады деп жазады The Wall Street Journal (WSJ) дереккөздеріне сілтеме жасап.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, осы айдың басында Нью-Делиде өткен көшбасшылардың кешкі асына Си Цзиньпин өзін жайсыз сезінгендіктен бармаған. Қытай басшысы іс-шараға қатысудан соңғы сәтте бас тартқан. Оның орнына кешкі асқа Қытай сыртқы істер министрі Ван И қатысқан.

Үндістанның Press Trust агенттігі дереккөздеріне сүйеніп, Си Цзиньпиннің «демалу үшін қонақүйдегі бөлмесіне оралғанын» хабарлаған. Ал WSJ дереккөздері Қытай басшысының өзін жайсыз сезінгенін айтады.

Осы жағдай 73 жастағы Қытай басшысының денсаулығына және Бейжің оның АҚШ сапары қарсаңындағы жағдайы туралы қандай да бір ақпарат жариялай ма деген сауалдарға себеп болған. Алайда WSJ Си Цзиньпиннің ауыр науқас екенін дәлелдейтін дерек жоқ екенін атап өтеді.

Басылымның жазуынша, соңғы бірнеше жылда Си Цзиньпиннің денсаулығына қатысты сұрақ туғызған бірнеше жағдай болған. Дегенмен олардың ешқайсысы қандай да бір медициналық диагнозды растамайды.

Си Цзиньпиннің Вашингтонға ресми сапары 24 қыркүйекте басталады деп жоспарланған. Бұл Қытай басшысының АҚШ-қа он жылдан астам уақыттан кейінгі алғашқы сапары болмақ. Кездесуде Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллект, Иран, Тайвань және сауда мәселелерін талқылайды деп күтілуде.

Сайт Әкімшілігі