АҚШ-та терроризмге қатысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды
АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) Қазақстан азаматы Еламан Балтагерейдің ұсталғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, операция 5 маусым күні федералдық серіктес құрылымдардың қатысуымен жүргізілген. Бұған дейін, өткен жылдың жазында АҚШ-тың иммиграциялық соты қазақстандықты елден депортациялау туралы шешім шығарған. Алайда ол сот отырысына келмеген.
ICE мәлімдеуінше, Еламан Балтагерей құқық қорғау органдары «белгілі немесе терроризмге қатысы болуы мүмкін тұлғалар» қатарына енгізген адамдардың тізімінде болған. Қазіргі уақытта ол ICE қамауында отыр және депортациялау рәсімі аяқталғанға дейін сол жерде болады. АҚШ ведомствосы Дональд Трамп әкімшілігі кезінде терроризммен байланысы бар деп күдікке ілінген заңсыз мигранттарды анықтау мен ұстауға ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та із-түзсіз жоғалған 24 жастағы Қазақстан азаматы Асет Құралбайдың мәйіті табылғаны белгілі болған еді. Ол Иллинойс штатында, Чикаго қаласына жақын маңда іздестірілген. Марқұмның әпкесі Гүлнара Құралбайдың денені Қазақстанға жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру үшін Нью-Йорктен Чикагоға баруды жоспарлап отырғаны хабарланған. Осы мақсатта қаражат жинау басталған.