АҚШ-та тұратын белсенді Серікжан Білаштың қарындасы үйқамаққа алынды
АҚШ-та тұратын белсенді Серікжан Білаштың қарындасы Бәтика Білаш қамаудан босатылып, екі ай мерзімге үйқамаққа алынды.
Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Шынқуат Байжанов мәлімдеді.
«Сот оған екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады. Айыптау тарапы дәл осы мерзімге қамауға алуды сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Ол – әйел адам, кішкентай баласы бар. Сондай-ақ оған тағылып отырған іс ауыр қылмыстар санатына жатпайды», – деді адвокат.
26 маусымға қараған түні Алматы облысында полиция қызметкерлері Бәтика Білаштың үйіне тінту жүргізіп, оны ұстаған. Бұған дейін сот оны 10 тәулікке әкімшілік қамауға алған болатын.
Бәтика Білаш – Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі этникалық қазақтардың қудалануы мәселесін көтеріп жүрген тіркелмеген «Нағыз Атажұрт еріктілері» ұйымының белсендісі Серікжан Білаштың қарындасы.
Адвокаттың айтуынша, Бәтика Білаш ағасы Серікжан Білашқа қатысты ақша аударымдарына байланысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Құқық қорғау органдарына шамамен 10 адам арыз түсірген. Олар Серікжан Білаштың YouTube арнасында көрсетілген телефон нөміріне 30–40 мың теңгеден ақша аударғанын, алайда бұл қаражат арна иесінің жеке қажетіне жұмсалғанын мәлімдеген.
Аталған телефон нөмірі Бәтика Білаштың атына тіркелген. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.
Бұған дейін Amnesty International Қазақстан билігін «Атажұрт» қозғалысы белсенділерінің туыстарын қудаламауға шақырған болатын.