АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық азаматтың мәйіті табылды
АҚШ-та із-түзсіз жоғалған Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың қаза тапқаны расталды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, АҚШ-тың құзырлы органдары бұған дейін табылған адамның жеке басын анықтап, оның Әсет Құралбай екендігін растаған.
«Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта туыстарына қажетті консулдық көмек көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, құжаттарды рәсімдеу және мәйітті Қазақстанға жеткізу мәселелері бойынша қолдау ұйымдастырылуда», – делінген министрлік хабарламасында.
Бұған дейін жарияланған мәліметтерге сәйкес, Әсет Құралбай АҚШ-тың Чикаго қаласына жақын маңда тұрған. Ол соңғы рет 2 маусым күні жақындарымен байланысқа шыққан. Кейіннен оның жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын.
Қазір оқиғаның мән-жайы мен өлім себебін АҚШ құқық қорғау органдары анықтап жатыр.