Саясат

АҚШ Украина бойынша Аляскада келісім болғанын жоққа шығарды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Алясканың Анкоридж қаласында өткен АҚШ–Ресей саммитінде Украинадағы соғысты тоқтату шарттарына қатысты ешқандай келісім жасалмағанын мәлімдеді.

Фото: из открытых источников

 

Оның айтуынша, келіссөздер барысында тек ұсыныстар талқыланған, алайда тараптар нақты мәмілеге келмеген.

Марко Рубио 25 маусым күні журналистермен кездесуде Мәскеудің Вашингтонды «Аляскада қол жеткізілген келісімдерді орындамай отыр» деп айыптауына пікір білдірді.

 «Ешқандай келісім болған жоқ. Аляскада тек ұсыныстар айтылды, бірақ келісім жасалған жоқ», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Ол сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Украинадағы соғысты ұзақ мерзімді бейбіт келісім арқылы аяқтауға ықпал етуге дайын екенін айтты.

Рубионың сөзінше, Украинадағы соғыс ай сайын ондаған мың адамның өмірін жалмап жатыр. Оның айтуынша, аптасына шамамен 5 мың әскери қаза табады, олардың басым бөлігі – ресейлік сарбаздар.

Ресей қандай ұсыныстар айтты?

Журналистердің бірі келіссөздердегі ұсыныстарды қай тарап енгізгенін сұрағанда, Рубио Ресей Донецк облысын толық бақылауына беруді және тағы бірнеше талап қойғанын айтты.

«Ресей Донецк облысының толық өз бақылауына өтуін қалады және басқа да бірқатар шарттар ұсынды. Бірақ ешқандай келісім болған жоқ. Егер келісім жасалғанда, соғыс аяқталған болар еді», – деді ол.

Мәскеу Вашингтонды келісімді орындамады деп айыптап келеді

АҚШ пен Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путин қатысқан саммит 2025 жылдың тамызында Алясканың Анкоридж қаласында өткен.

Соңғы айларда Ресей билігі АҚШ-ты осы кездесуде қол жеткізілген келісімдерді орындамай отыр деп бірнеше рет айыптады. Мұндай мәлімдемелерді Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков, сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жасаған.

2025 жылдың желтоқсанында Владимир Путин де Мәскеу саммит қарсаңында Вашингтон ұсынған белгілі бір ымыраларға келіскенін мәлімдеген болатын.

Оның айтуынша, Ресей делегациясы Анкоридждегі келіссөздерде америкалық тараптың ұсыныстарының басым бөлігін қабылдаған. Сондықтан Мәскеуді келіссөздерге қарсы болды деп айыптау негізсіз деп есептейді.

БАҚ жазған ықтимал шарттар

2025 жылдың тамызында Financial Times басылымы дереккөздеріне сүйене отырып, Анкоридждегі келіссөздерде Ресей Украина бақылауындағы Донецк облысының қалған бөлігін өзіне берудің орнына Запорожье мен Херсон облыстарындағы майдан шебін тоқтатып қоюды ұсынғанын жазған.

Басылым мәліметінше, егер Украина әскері Донецк облысынан толық шықса, Мәскеу жаңа аумақтарды басып алу үшін шабуыл жасамауға уәде берген.

Ал Reuters агенттігінің дереккөзіне сәйкес, Владимир Путин келіссөздер барысында Украина әскерін Луганск облысынан да толық шығаруды талап еткен.

Сайт Әкімшілігі