Әлеумет

АҚШ Жоғарғы соты Трамптың туу арқылы азаматтық беру құқығын жою туралы жарлығына тосқауыл қойды

АҚШ-тың Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың туу арқылы АҚШ азаматтығын автоматты түрде беру тәртібін жою туралы жарлығының күшіне енуіне жол бермеді.

Фото: The Guardian

Бұл туралы  The Guardian жазды.

Елдің ең жоғары сот инстанциясы Трамптың екінші президенттік мерзімінің алғашқы күні қол қойған атқарушы жарлығын заңсыз деп таныды. Осылайша, сот АҚШ аумағында дүниеге келген балаларға азаматтық беруді көздейтін көп жылдан бері қолданыстағы конституциялық кепілдіктерді күшінде қалдырды.

Трамп бұл шешімді сынға алып, оны «ел үшін зиянды» деп атады. Осыдан кейін ол Конгрестегі республикалық көпшілікті араласып, сот шешімін айналып өтуге және автоматты азаматтық беру тәртібін жоюға мүмкіндік беретін арнайы федералдық заң әзірлеуге шақырды.

Президенттің бастамасын заң шығарушылардың бір бөлігі қолдап отыр. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон қазіргі норма «кеңінен теріс пайдаланылып жатыр» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір шетелдіктер АҚШ-қа тек бала туу үшін келіп, кейін олардың балалары америкалық әлеуметтік игіліктерді пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Еске салайық, АҚШ-тағы «жер құқығы» (jus soli) қағидаты АҚШ Конституциясының 14-түзетуі арқылы кепілдендірілген. Оған сәйкес, АҚШ аумағында туған кез келген адам автоматты түрде ел азаматы атанады. Бұл құқықты әртүрлі елдердің азаматтары, соның ішінде Қазақстан азаматтары да «туу туризмі» мақсатында пайдаланып келеді.

Сайт Әкімшілігі