Ақталамын деп 4 миллион теңгесінен айырылған: Шалқар қаласының бұрынғы әкімі алаяқтың құрбаны болды
Ақтөбе облысында Шалқар қаласының бұрынғы әкімі өзін ақтап шығарамын деген алаяқтың арбауына түсіп, 4 миллион теңгесінен айырылған.
Іс материалдарына сәйкес, бұған дейін 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген экс-әкімге әйел ақтау үкімін шығарып беремін деп уәде еткен. Ол бұл қызметі үшін 8 миллион теңге талап еткен. Алайда бұрынғы әкім оған ешқандай келісімшартсыз және ақшаны алғанын растайтын құжатсыз 4 миллион теңге берген.
Соған қарамастан, уәде орындалмай, экс-әкім ақталмаған.
Тергеу барысында күдіктінің басқа да алаяқтық эпизодтарға қатысы бары анықталды. Ол сыбайласымен бірге мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер алып береміз деп бірнеше азаматты алдап, қомақты қаржы иемденген. Жәбірленушілердің бірі оларға 47 миллион теңге берген.
Сот үкімімен 54 жастағы әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы да дәл осындай мерзімге сотталды.