Қоғам

Ақтауда катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты

Ақтауда Каспий теңізінде серуендеп жүрген катер апатқа ұшырап, екі адамның өмірін қиды. Оқиға 30 тамыз күні кешкі уақытта 5А шағынауданы маңындағы теңіз акваториясында болған.

Фото: ТЖД

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, катерде барлығы жеті адам болған. Төтенше жағдай туралы хабарлама құтқару қызметіне сағат 22:56-да түскен.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар бес адамды судан шығарып, жағаға жеткізді. Зардап шеккендер медицина қызметкерлеріне тапсырылған.

Ал қалған екі адамды іздеу жұмыстары жалғастырылған. Алдын ала мәлімет бойынша, оларда құтқару кеудешесі болмаған. Іздеу кезінде құтқарушылар жағаға шамамен 500 метр қашықтықтан екі адамның денесін судан алып шықты.

Құтқару операциясына ТЖД-ның 35 қызметкері, төрт техникасы және төрт жүзу құралы жұмылдырылды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және бес жедел жәрдем бригадасы да жұмыс істеді.

Қазіргі уақытта катердің жартастарға соғылуына не себеп болғаны және оқиғаның өзге де мән-жайлары анықталып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ақтау Катер