Ақтауда түзету орталығының үшінші қабатының терезесінен құлаған 8 жастағы бала қайтыс болды
Ақтаудағы түзету орталықтарының бірінде үшінші қабаттың терезесінен құлаған 8 жастағы Нұрали қайтыс болды. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға кезінде үш бала ересектердің қарауынсыз қалған. Сол сәтте балалардың бірі терезені ашып, сыртқа ұшып кеткен шарды алмақ болған. Оны ұстап қалуға әрекеттенген Нұрали үшінші қабаттан құлап кеткен.
Бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі ай бойы күрескенімен, барлық күш-жігер нәтижесіз болып, бүлдіршін көз жұмды.
Туыстарының мәліметінше, Нұралидің ІІІ топтағы мүгедектігі болған.
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Марқұмның жақындары қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты тексеруді талап етіп отыр. Олар түзету орталығындағы терезелерде қорғаныс құрылғыларының не себепті орнатылмағанын анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды сұрады.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.