Аймақ

Ақтөбе облысында хромды терең өңдейтін жаңа өндіріс салу мүмкіндігі қарастырылуда

Ақтөбе облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Осы мақсатта өңірге Қытайдың ірі өнеркәсіптік компанияларының бірі саналатын Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd. өкілдері келіп, инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Бұған дейін жыл басында Ақтөбе облысының делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барып, аталған компанияның өндірістік алаңдарын аралап, ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізген болатын. Кездесу қорытындысында Ақтөбе облысында хромды терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылған еді. Қазіргі уақытта тараптар жобаны іске асырудың практикалық тетіктерін пысықтауда.

Облыс әкімі Асхат Шахаров компанияның атқарушы директоры Тан Шуанцюаньмен кездесіп, болашақ өндірістің негізгі бағыттары мен өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында өңір басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестік тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, Ақтөбе облысы жаңа өндірістік жобаларды қолдауға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде компания өкілдері өңірдің өнеркәсіптік әлеуетіне жоғары баға беріп, жоғары технологиялық өндірісті іске асыруға қызығушылық танытатынын мәлімдеді.

Жобаға сәйкес қытайлық инвесторлар Ақтөбе облысында жылына 200 мың тоннаға дейін өнім өндіретін заманауи химиялық кешен салуға ниетті. Инвестиция көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Зауытта микроэлектроника, авиация және ғарыш өнеркәсібінде қолданылатын жоғары тазартылған хром өндірілмек. Жоба толық қуатына шыққан кезде жылдық өнім көлемі 1,2 миллиард АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.

Келіссөздер барысында өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылды. Алғашқы кезеңде кәсіпорынға қажетті хром концентратын өңірдегі қолданыстағы кен өндіруші кәсіпорындар жеткізуі жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жоба аясында экологиялық қауіпсіздікке ерекше назар аударылмақ. Компания өндірісте ресурстарды қайта пайдаланудың жабық циклді жүйелерін және өндірістік қалдықтарды өңдеудің заманауи технологияларын енгізуді көздеп отыр.

Тараптар кездесу қорытындысында жобаны жүзеге асыруға өзара қызығушылық танытып, бұл бастама Ақтөбе облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ақтөбе