Ақтөбе облысында тойдан кейін 100-ден астам адам ауруханаға түсті
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында жаппай ішек инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендердің барлығы «Тұмар» мейрамханасында өткен тойға қатысқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 19 маусымнан бері ішек инфекциясына тән белгілермен 102 адам ауруханаға жатқызылған. Оның ішінде 34 науқаста сальмонеллез ауруы болуы мүмкін деген күдік бар.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың жағдайы орташа ауырлықта бағалануда. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Оқиғаға байланысты арнайы жедел штаб құрылып, Мұғалжар ауданына қосымша медицина қызметкерлері жіберілді.
Ауруханаларда қажетті төсек-орын қоры мен дәрі-дәрмек қоры дайындалған.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тараған науқастардың аурухана дәліздеріне орналастырылғаны туралы ақпаратты денсаулық сақтау басқармасы жоққа шығарды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, мейрамханадан тағам өнімдері мен қоршаған орта нысандарынан сынамалар алған. Барлық үлгілер зертханалық сараптамаға жіберілді.
Тексеру аяқталғанға дейін қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды.