Ақтөбе соты теміржолшы Ерсұлтан Мұхамбетұлының жесірінің арызын қанағаттандырудан бас тартты
Ақтөбе соты Теміржолшылар күні қаза тапқан Ерсұлтан Мұхамбетұлының жесірінің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Марқұмның жұбайы Ақтөбе облыстық полиция департаментінен 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндіруді сұраған. Оның айтуынша, егер полиция қылмыскерді дер кезінде қамауға алғанда, бұл қайғылы оқиға болмас еді.
Қанды оқиға өткен жылдың 8 тамызында Ақтөбе қаласының орталығында болған. 47 жастағы пойыз бригадирі Ерсұлтан Мұхамбетұлы әріптесімен бірге Теміржолшылар күнін «Ілек» қонақүйінің маңындағы аллеяда атап өтіп отырған.
Ол қасынан өтіп бара жатқан 28 жастағы Қабдұловтан темекі сұраған. Екеуінің арасында жанжал шығып, жас жігіт теміржолшыға алты жерден пышақ сұққан. Ерсұлтан Мұхамбетұлы алған жарақатынан көз жұмды.
Кейін белгілі болғандай, кісі өлтіру кезінде Қабдұлов қамауда отыруы тиіс болған. Қайғылы оқиғадан бір ай бұрын облыстық сот оның тонау ісі бойынша шартты жазасын нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған. Алайда прокуратура да, полиция да оны қамауға алмағандықтан, ол бір ай бойы еркін жүрген.
Қызметкер еңбек демалысына кеткен
Қабдұлов адам өлтіргені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот прокуратура мен полицияның өрескел салғырттығына байланысты жеке қаулы шығарды.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы «Салғырттық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанымен, 2026 жылдың сәуірінде қылмыс құрамы жоқ деген негізбен істі тоқтатты. Нәтижесінде учаскелік инспекторға тек сөгіс жарияланған.
Марқұмның жұбайы полицияның әрекетсіздігі күйеуінің өліміне себеп болды деп есептеп, азаматтық сотқа жүгінді. Алайда полиция департаментінің өкілдері кінәні мойындамады.
Сотта ведомство өкілі күдіктінің қамауға алынбауын былай түсіндірді:
«Мәселе мынада... кеңсе құжатты басқа қызметкерге жіберіп қойған. Ол кезде ол еңбек демалысында болған», – деді ол.
Полиция өкілі құқық қорғау органдарының әрекеті мен кісі өлтіру арасында себеп-салдарлық байланыс жоқ екенін айтып, барлық талапты қылмыскердің өзіне қою қажет екенін жеткізді.
Марқұмның адвокаты Ердос Байманов бұл уәжбен келіспеді.
«Қалайша себеп-салдарлық байланыс жоқ дейсіздер? Сот оны қамауға алуды тапсырды. Полиция оны орындамайды, ол бір ай бойы еркін жүріп, ақыры адам өлтіреді. Сіздер тіпті марқұмның туыстарынан кешірім де сұрамадыңыздар», – деді адвокат.
Соған қарамастан, прокурор мен судья Айгүл Биманова полиция департаментінің ұстанымын қолдап, талап-арызды толықтай қанағаттандырудан бас тартты.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.