Қоғам

Ақтөбеде ер адам өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жүргізушілерден ақша алған

Ақтөбеде ер адам жүргізушілерді алдаудың ерекше тәсілін ойлап тапқан. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жол-көлік оқиғасының көрінісін ойнаған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Полиция

Жиенбаев және Ташкент көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде ер адам өзін көлік қағып кеткендей кейіп танытқан. Кейін жүргізушілерге жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алғанын айтып, ақша талап еткен.

Тексеру барысында оның мұндай әрекетке екі рет барғаны анықталды. Оның сөзіне сенген жүргізушілер мобильді қосымша арқылы ақша аударған. Бір жағдайда 250 мың теңге, екінші жағдайда 200 мың теңге берілген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 450 мың теңге болған. 

Жүргізушілердің бірі кейін болған жағдайға күмән келтіріп, полицияға жүгінген. Тексеру барысында ақпарат расталып, ер адамның жеке басы анықталып, күдікті ретінде танылды.

Қазіргі уақытта іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. 

Сайт Әкімшілігі