Қоғам

Ақтөбеде мешіт қызметкері жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан

Ақтөбеде мешіт қызметкері 15 жастағы жасөспірімді көпшілік алдында соққыға жыққан. Аталмыш іс қазір сотта қаралып жатыр.

gov.kz

Оқиға салдарынан оқушы ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт ем қабылдаған.

Тергеу мәліметінше, оқиға биыл ақпан айында тарауық намазынан кейін «Нұр Ғасыр» мешітінде болған. Жасөспірім өзгенің кроссовкасын досына көрсету үшін қысқа уақытқа қолына алып, кейін бірден орнына қойған. Алайда 38 жастағы мешіт қызметкері мұны ұрлық жасау әрекеті деп түсініп, оқушыға шабуыл жасаған.

Айыптау нұсқасына сәйкес, ер адам жасөспірімді жерге құлатып, оның басынан кемінде алты рет тепкен. Оқиға мешіттің бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Салдарынан жасөспірім миы шайқалып, бас миы жарақатын алған. Ол 20 күннен астам ауруханада емделіп, кейін бірнеше ай бойы үй жағдайында оңалтудан өткен.

Қазіргі уақытта сотталушыға Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» және «Ауырлататын мән-жайлармен жасалған бұзақылық» баптары бойынша айып тағылған. Өз кезегінде айыпталушы да жасөспірімдерге қатысты арыз берген.

Жәбірленушінің ата-анасы соттан айыпталушыдан моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өндіріп беруді талап етіп отыр.

Сайт Әкімшілігі