Ақтөбеде тұрғын үйді басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды
Ақтөбе қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған өңірлік форум өтті. Басқосуда көпқабатты тұрғын үйлерді басқару тетіктерін жетілдіру, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру және тұрғындардың басқару процесіне қатысуын күшейту мәселелері қаралды.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, мүлік иелері бірлестіктерінің төрағалары, тұрғын үй саласының мамандары мен қоғам белсенділері қатысты. Ашық диалог алаңында тұрғын үй қорын жаңғырту, инженерлік желілердің тозуы, коммуналдық қызметтердің тиімділігі, басқару құрылымдарының жұмысы және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері көтерілді.
Жиында сөз сөйлеген қатысушылар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы реформалардың басты мақсаты тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру екенін атап өтті. Сондай-ақ көпқабатты үйлерді басқаруда ашықтықты қамтамасыз ету, есептілік тетіктерін күшейту және тұрғындардың шешім қабылдау процесіне белсенді араласуы маңызды екені айтылды.
Форум барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қарастыруға мүмкіндік беретін арнайы фронт-офис құру мәселесі де талқыланды. Мұндай бастама азаматтар мен жауапты мекемелер арасындағы байланысты нығайтып, коммуналдық мәселелерді тиімді шешуге ықпал етпек.
Сарапшылар тұрғын үй саласындағы өзгерістердің тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға, ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарау қағидаларын қалыптастыруға және азаматтық белсенділікті күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар басқарушы ұйымдардың кәсіби деңгейін көтеру, мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өңірде тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Соңғы жылдары жүздеген тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, лифтілер жаңартылды, сондай-ақ мүлік иелері бірлестіктерінің саны артты. Бұл тұрғын үйді басқарудың жаңа үлгісіне көшу және саланы заманауи талаптарға бейімдеу бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді.
Мамандардың пікірінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту тек инфрақұрылымды жаңғыртумен шектелмейді. Ол тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық бақылауды күшейту және азаматтардың ортақ мүлікке деген жауапкершілігін қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда мұндай кездесулер тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтып, тиімді басқару мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.