Қоғам

Ақтөбеде заңсыз пеш отынын өндірген кәсіпкер 3 жыл 9 айға сотталды

Ақтөбе облысында «Kazenergy» жеке кәсіпкерлігінің басшысы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырғаны үшін 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.

Фото: из открытых источников

Тергеу мәліметінше, кәсіпкер 10 мың шаршы метр аумақта орналасқан өндірістік базада қауіпті қалдықтарды рұқсатсыз өңдеп, одан пеш отынын өндіруді ұйымдастырған. Шикізат ретінде майлар, мұнай шламдары және құрамында мұнай бар басқа да қалдықтар пайдаланылған. Олар нафтамен араластырылып, арнайы өңдеуден өткізілген.

Кәсіпкерде қауіпті қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру және кәдеге жаратуға мүмкіндік беретін лицензия мен қажетті экологиялық рұқсат болмаған.

Нәтижесінде 11 миллион литрден астам пеш отыны сатылып, заңсыз жолмен 778 миллион теңге табыс түскен. Сот сондай-ақ сотталған адамның өндірістік нысанын, автокөліктерін және банк шоттарындағы қаражатын тәркілеу туралы шешім қабылдаған.

Іс материалдарына сәйкес, өндірілген отын ұлттық сапа стандарттарына сәйкес келмеген және құрамында зиянды химиялық заттар болған. Оны қазандықтар мен пештерде жағу кезінде ауаға улы заттардың таралу қаупі болған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі