Әл-фараби даңғылындағы жол апаты: Алдын ала сот тыңдауында қандай мән-жайлар айтылды?
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылының бойында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті.
Сот процесі ашық өтіп жатыр. Белгілі болғандай, іске судья Еркін Майшынов төрағалық етеді. Күдікті деп танылған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі іске алқабилерді қатыстырудан бас тартты.
Алдын ала сот талқылауында адвокат өзінің қорғауындағы азаматты денсаулығына байланысты сот процесіне онлайн қатыстыруды сұрады. Айтуынша, айыпталушы өз еркімен қозғала алмайды, жүріп-тұруында қиындық бар, процеске балдақпен келген. Судья Еркін Майшынов айыпталушының сот отырыстарына онлайн форматта қатысуына ішінара рұқсат берді. Ол жауап алу және тергеу әрекеттері кезінде сот процесіне қатысуға міндеттелді.
Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне айыпталушыны және жәбірленушілерді фото-видеоға түсіруге, сот залынан тікелей эфир жүргізуге тыйым салынды. Журналистерге сот отырысын аудио және жазбаша форматта жариялауға рұқсат берілді.
Zeekr автокөлігінің жүргізушісіне қандай айып тағылды?
Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу бабы бойынша айып тағылып отыр.
Айыптау тарапының мәліметінше, 21 наурызға қараған түні шамамен сағат 03:30 шамасында айыпталушы Zeekr 9X көлігімен әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Ол қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.
Прокурордың айтуынша, көлік қарсы бағытқа шыққаннан кейін оның жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Жүргізуші көлік қозғалысын толық бақылауда ұстамаған және қауіпті жағдай туындағанда жылдамдықты төмендетіп, тіпті тоқтатуға дейін шара қолданбаған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.
Айыптау нұсқасында күдіктінің өз әрекеті арқылы қарсы бағытта келе жатқан көліктің жолаушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргені айтылды.
Қатты соққы салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен салонда отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты.
Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Мамандар бұл көрсеткіштің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйге сәйкес келетінін мәлімдеді.
«Өзімді ешқашан кешірмеймін»
Айыпталушы жол апатынан қаза тапқандардың отбасынан кешірім сұрады. Ол сот залында көз жасына ерік беріп, жағдайға қатты өкінетінін, жәбірленушілерге көмектесуге дайын екенін жеткізді.
«Мен сіздерге қандай ауыр қасірет әкелгенімді түсінемін. Жауапкершіліктен қашпаймын да, жалтармаймын да. Заң алдында тиісті жазамды өтеуім керек. Бостандыққа шыққаннан кейін қолымнан келгенше бәріне көмектесуге тырысамын. Өзімді ешқашан кешірмеймін және бұл оқиғаны ұмытуға да жол бермеймін», – деді айыпталушы сот залында.
Жәбірленушілердің бірі Zeekr автокөлігінің жүргізушісіне кешірім берген
Жәбірленуші тараптың өкілі, заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, қазіргі таңда жәбірленушілердің бірі сотталушыға кешірім берген.
Сонымен қатар Мейірман Шекеев сотқа шамамен 100 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы талап арыз берілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, марқұмның несиелік қарыздары болған, ал оның өтеуі қазіргі таңда отбасының мойнында қалған. Адвокат адам өмірінің орны толмайтынын айтып, сондықтан моральдық шығын көлемі жоғары бағаланып отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ Шекеевтің сөзінше, айыпталушыға тағылған бап абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы ретінде сараланып отыр. Осыған байланысты заң аясында қарастырылатын жаза мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, адвокаттың айтуынша, бұл бап бойынша жаза қатаң режимдегі түзеу мекемесінде емес, қоныс колониясы санатындағы жеңілдеу режимдегі мекемеде өтелуі ықтимал.
Апатқа жарыс себеп болды ма?
Іс бойынша тағы бір жәбірленушінің адвокаты Олег Черновтың айтуынша, қылмыстық іс материалдарымен танысу барысында сотқа дейінгі тергеу органдары тарапынан заң бұзушылық, процессуалдық талаптарды сақтамау немесе тараптардың құқықтарын шектеу фактілері анықталмаған. Оның сөзінше, іс объективті түрде жан-жақты қаралған, қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу әрекеттері заң аясында жүргізілген.
Жәбірленуші тараптың адвокаты әлеуметтік желілерде тараған «апат жарыс салдарынан болды» деген болжамға да пікір білдірді.
«Көпшілік дәл осы мәселені талқылап жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары жол апаты заңсыз жарыстың кесірінен болды деп жазуда. Меніңше, бұл – алкогольдің салдары. Адам мас күйінде өзін бақылаудан шығарып, рұқсат етілген жылдамдықтан асып, жол апатын туындатады», – деді Чернов.
Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта барлық мәліметті жариялай алмайтынын, алайда кейінірек сот барысында кейбір мән-жайдың белгілі болатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, осы оқиғадан кейін істі тексеру нәтижесінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметінен босатылды. Сонымен қатар полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Маржан СӘБЕТ