Қоғам

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Министрлік тараптардың татуласуына қатысты пікір білдірді

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонанстық жол-көлік оқиғасына қатысты маңызды мәлімдеме жасады.

Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс кулуарында журналистер айыпталушының жәбірленуші тараппен татуласуы немесе олардың жазаны жеңілдету туралы өтініші қылмыстық жауапкершіліктен босатуға негіз бола ала ма деген сауал қойды.

«Мүмкін емес», – деп қысқа қайырды Санжар Әділов.

Оның айтуынша, ішкі істер органдарының негізгі міндеті оқиғаны жан-жақты әрі қысқа мерзімде тергеп-тексеру болған.

Вице-министрдің сөзінше, бұл жұмыс толық көлемде орындалған. Сонымен қатар Әділов жәбірленушілер тарапынан берілген қарсы өтініш, сондай-ақ келтірілген материалдық және моральдық шығынның өтелуі сот үкімі шығарылған кезде жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілуі мүмкін екенін атап өтті. Алайда бұл факторлар айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуға негіз болмайды.

Еске салайық, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апаты салдарынан үш адам қаза тауып, оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.

Сайт Әкімшілігі