Қоғам

Әл-фараби даңғылындағы жол апаты: Пак өзіне тағылған айыпты толық мойындады

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылының бойында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі басталды.

Фото: Жас Алаш

Іске судья Еркін Майшынов төрағалық етеді. Бүгінгі сот процесіне сотталушы мен жәбірленуші тарап онлайн қатысып жатыр.

Сот отырысында прокурор Күмісбеков Әлібек айыптау актісін оқыды.

Айыптау тарапының мәліметінше, 21 наурызға қараған түні шамамен сағат 03:30 шамасында айыпталушы Zeekr 9X көлігімен әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Ол қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Прокурордың айтуынша, көлік қарсы бағытқа шыққаннан кейін оның жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Жүргізуші көлік қозғалысын толық бақылауда ұстамаған және қауіпті жағдай туындағанда жылдамдықты төмендетіп, тіпті тоқтатуға дейін шара қолданбаған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.

Айыптау нұсқасында күдіктінің өз әрекеті арқылы қарсы бағытта келе жатқан көліктің жолаушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргені айтылды.

Қатты соққы салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен салонда отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты.

Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Мамандар бұл көрсеткіштің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйге сәйкес келетінін мәлімдеді.

Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу бабы бойынша айып тағылып отыр.

Судья Еркін Майшынов айыпталушы Александр Пактан айыптаумен келісетінін немесе келіспейтінін сұрады. Сотталушы өзіне тағылған айыппен толықтай келісетінін жеткізді.

 

Сайт Әкімшілігі