Әлеумет

Аль-Фараби даңғылындағы жол апаты: үшінші марқұм қыздың отбасы да айыпталушыны кешірді

Алматыда үш адамның өмірін қиған Аль-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 8 маусым күні сотта 2005 жылы туған үшінші марқұм қыздың отбасы сөз сөйлеп, айыпталушыға қатысты ұстанымын мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

Сотта қаза тапқан қыздың анасы жауап беріп, қазіргі таңда айыпталушыға ешқандай талабы жоқ екенін айтты.

«21 наурыз күні таңғы сағат тоғызда маған қайғылы оқиға туралы хабарлады. Кейін мәйітханаға барып, қызымды таныдым. Мен оның туған анасымын. Қазір ешқандай шағымым жоқ. Барлығы заң аясында, сот қалай шешсе, солай болсын», – деді ол.

Марқұмның анасы сотқа өз қолымен жазған өтінішін де ұсынды. Онда отбасының айыпталушыға ешқандай наразылығы жоқ екені көрсетілген.

Өтініште отбасы мүшелерінің жол апатының ауыр салдары мен қыздарының қазасына қарамастан айыпталушы А.П.-ны кешіргені жазылған.

«Біз айыпталушымен толық татуластық. Ол кінәсін толық мойындады, шын жүректен өкінді, кешірім сұрады. Материалдық шығын мен моральдық зиянды толық өтеді. Қазіргі уақытта оған қатысты ешқандай материалдық немесе моральдық талабымыз жоқ және болашақта да болмайды», – делінген өтініште.

Сот бұл құжатты қылмыстық іс материалдарына қосты.

Бұған дейін сотта жол апатынан қаза тапқан тағы екі жәбірленушінің туыстары да айыпталушымен татуласқанын мәлімдеп, оған шартты жаза тағайындауды сұраған болатын.

Алайда Ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары Sanzhar Adilov Санжар Әділов бұған дейін жәбірленушілердің кешірімі айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатпайтынын айтқан.

Еске салсақ, Аль-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігін басқарған жүргізуші алкогольдік масаң күйде қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Прокурор жариялаған сараптама қорытындысына сәйкес, айыпталушының қанынан 1,30 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ апат алдында көліктің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болғаны белгілі болды.

Айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сайт Әкімшілігі