Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: VIP нөмірлерге қатысты іс қайта қозғалды
Алматы прокуратурасы тыйым салынған сериядағы «элиталық» мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз беру ісі бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күшін жойды.
Әл-Фараби даңғылындағы резонанс тудырған адам өлімімен аяқталған жол апатынан кейін қозғалған іс қосымша тергеуге қайтарылды.
Еске салайық, Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 362-бабы («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша қозғалған қылмыстық істі 3 маусымда «қылмыс құрамы болмағандықтан» тоқтатқан болатын. Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспеді.
«Қылмыстық іс материалдарын зерделеу нәтижесінде Алматы қаласының прокуратурасы істі қосымша тергеуге қайтарды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады прокуратура.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл іс бойынша әзірге нақты күдікті жоқ. Аталған бап бойынша айыпты деп танылғандарға 3 миллион теңгеге дейін айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Тыйым салынған» нөмірлер қалай пайдаланылған?
Тергеу тыйым салынған сериядағы мемлекеттік нөмірлердің жеке тұлғалардың қолына қалай түскенін тексеріп жатыр.
Қазақстанда 2018 жылдан бері лингвистикалық сараптама негізінде 106 әріптік тіркеске мемлекеттік нөмірлерде пайдалануға тыйым салынған. Олардың қатарында USA, KNB, MVD, OPG, SOS және басқа да комбинациялар бар.
Сот барысында адам өліміне әкелген жол апатына кінәлі Александр Пак оқиға болған түні 100 QR 02 жалған мемлекеттік нөмірі тағылған Zeekr электромобилін басқарғаны анықталған.
Жол апатына қатысты тағы қандай істер қаралып жатыр?
21 наурызға қараған түні үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін бірнеше қылмыстық іс қозғалды.
«Элиталық» мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ісі – прокуратураның шешімімен қайта тергеліп жатыр.
Алматы полициясы басшысының бұрынғы орынбасарының жүргізушісіне қатысты іс – қызметтік әрекетсіздік бабы бойынша сот қарауында. Тергеу мәліметінше, полиция қызметкері апат болған түні қызметтік Hyundai Palisade автокөлігін рұқсатсыз пайдаланған.
Жалған айғақ беру ісі – Александр Пакпен бірге жол апатына дейін VIP-залда болған достарының алкоголь ішпегені туралы мәлімдемесіне қатысты қозғалған іс мамыр айында тоқтатылған. Қазір прокуратура бұл шешімнің заңдылығын қайта тексеріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Александр Пак үш адамның өліміне себеп болған жол апаты үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді.