Қоғам

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Қаза тапқан қыздың әкесі айыпталушыға кешірім бермегенін мәлімдеді

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан 20 жастағы бойжеткеннің әкесі сотталушы Пакқа кешірім бермегенін және оған қатаң жаза беруді талап ететінін мәлімдеді.

Фото: Жас Алаш

Оның айтуынша, жол апатынан қаза тапқандардың өзге туыстары айыпталушыны кешіріп, тіпті жеңіл жаза сұрағанымен, өзі мұндай ұстаныммен келіспейді. Марқұмның анасы да бұған дейін азаматтық талап-арызынан бас тартып, материалдық және моральдық өтемақы алғанын растаған.

Алайда әкесі бұрынғы жұбайымен тоғыз жыл бұрын ажырасқанын және қызының тәрбиесімен өзі айналысқанын айтты.

«Қызымды туған күнінен бастап өзім өсіріп, тәрбиеледім. Ол – менің тұңғышым. Мен жерлеу рәсімдерімен жүргенде, бұрынғы жұбайым жәбірленуші ретінде іске қатысып үлгерген», – деді ол.

Сондай-ақ ол айыпталушы тараптың өзіне де қаржылай өтемақы ұсынғанын жеткізді.

«Маған 10 миллион теңге ұсынды. Бірақ маған ақша емес, қызым керек. Мен оны кешірген жоқпын және ешқашан кешірмеймін», – деді марқұмның әкесі.

Ол кінәлі адамның заң аясында барынша қатаң жауапқа тартылуына қол жеткізу үшін адвокаттармен жұмыс істеп, тиісті органдарға жүгінетінін айтты.

Қазіргі уақытта атышулы жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі