Қоғам

Алакөл маңында құлаған ұшақтың бөлшектері саудаға шығарылды

Бұл туралы "За нами выехали" Telegram-арнасы хабарлады.

Фото: ТЖМ

Жетісу облысының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті гидроұшақтың бөлшектерін аукцион арқылы сатуға қойды. Бастапқы бағасы – 3,1 миллион теңге. Сауда 12 қарашада өтеді.

Жарияланған фотосуреттерден ұшақтың зақымданғаны байқалады. Мыжылған қайық тәрізді корпустың тұмсығында "870" деген нөмір бар, ал қозғалтқышы бөлек жатыр.

Telegram-арнасының болжамынша, сатылымға қойылған бөлшектер 2024 жылғы 25 шілдеде Алакөл маңындағы Ақши ауылында апатқа ұшыраған 912 ұшағына тиесілі болуы мүмкін.

Оқиға кезінде ауыр жарақат алған екі туристі құтқарушылар алып шыққан. Кейін ұшақ иесінің туристерді ақылы түрде қыдыртқаны, әуе аппаратының мемлекеттік тіркеуде болмағаны және ұшқыштың тиісті куәлігі жоқ екені анықталған.

Іс бойынша тараптар өзара келісімге келіп, қылмыстық іс тоқтатылған. Ұшақ иесіне 55 380 теңге айыппұл салынған. Ал әуе аппараты мемлекет меншігіне берілген.

Аукционға шығарылған ұшаққа сатып алушы табылмағандықтан, қазан айында сауда екі рет өтпей қалған. Енді оның бөлшектері 3,1 миллион теңгеден басталатын бағамен қайта сатылымға ұсынылды.

Сайт Әкімшілігі