Алаяқтар жасөспірімдерді жаңа схема арқылы алдауы мүмкін
Жеңіл табыс табуды көздеген жасөспірімдер алаяқтардың арбауына түсіп қалуы мүмкін.
Ішкі істер министрлігі бөгде адамдарға SIM-карта рәсімдеу, WhatsApp-аккаунтын ашу немесе растау кодтарын беру қауіпті екенін ескертті.
Polisia.kz мәліметінше, алаяқтар жастарға өз атына SIM-карта сатып алып, тіркеуді немесе басқа біреудің атынан WhatsApp-аккаунтын ашуды ұсынады. Мұндай қызметі үшін ақшалай сыйақы беруге уәде етеді. Кей жағдайда олардан аккаунтқа кіру деректері мен растау кодтарын да сұрайды.
Алайда кейін бұл нөмірлер мен аккаунттар заңсыз әрекеттерге пайдаланылуы ықтимал. Атап айтқанда, азаматтарды алдау, ақшасын иемдену, зиянды сілтемелер тарату және жалған парақшалар ашу үшін қолданылуы мүмкін.
Министрлік мұндай нөмірлер мен аккаунттарды өз атына рәсімдеген адамдардың да жауапкершілікке тартылу қаупі бар екенін ескертеді. Себебі олардың жеке деректері заңсыз әрекеттерге қатысты тергеу барысында анықталуы мүмкін.
Осыған байланысты ІІМ бейтаныс адамдардың өтінішімен SIM-карта рәсімдемеуге, растау кодтары мен мессенджерге кіру деректерін бөгде кісілерге бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ ата-аналарға балаларымен осы мәселе жөнінде сөйлесіп, оңай ақша табу туралы ұсыныстардың артында алаяқтық схемалар тұруы мүмкін екенін түсіндіру ұсынылды.