Александр Пак мерзімінен бұрын босап шыға ала ма?
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әл-Фараби даңғылының бойында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі аяқталды.
Іс бойынша айыпталушы Александр Пак Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, Александр Пак жаза мерзімінің үштен бірін өтегеннен кейін мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш бере алады.
«Ол мерзімінен бұрын босап шығу үшін өтініш беруге құқылы, алайда оны қанағаттандыру–қанағаттандырмау туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Бұл автоматты түрде жүзеге асатын процесс емес. Мұндай өтінішті сот жан-жақты қарап, сотталушының мінез-құлқын, жазаны өтеу барысын және басқа да мән-жайларды ескереді», – дейді Мейірман Шекеев.
Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің пікірін де тыңдайды. Іс бойынша жәбірленуші деп танылған Құмар мен Еламанның туыстары Александр Пакқа кешірім берген еді. Ал Томиристің анасы кешірім бергенімен, әкесі өз позициясында қалды.
«Бірі кешірім беруі мүмкін, бірі кешірмеуі мүмкін. Уақыт өте келе адамның көзқарасы өзгеріп, кешірім беру туралы шешімін қайта қарауы да ықтимал. Егер жәбірленуші қарсы болса, бұл сот шешіміне әсер етеді, бірақ шешімді жалғыз өзі айқындамайды, соңғы үкім бәрібір соттың құзырында қалады», – дейді заңгер.