Қоғам

«Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» және өңірлік туризм

Алматы облысы Іле ауданы Құрты ауылдық округінде «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты мәдени шара өтіп, Қазақстан Гиннес рекордын жаңартты.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Керуенге 1 000 түйе қатысып, ұзындығы 1 шақырымдық арнайы дайындалған маршруттан өтті. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген болатын, онда 365 түйе жүріп өткен.

Іс-шара Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және «Дәулет-Бекет» шаруашылығының бастамасымен ұйымдастырылды. Қауіпсіздікті полиция, медицина және ветеринарлық қызмет өкілдері қамтамасыз етті.

Мәдени бағдарламаның аясында бес киіз үй тігілді, ұлттық тағамдар ұсынылды, қонақтар шұбаттан дәм татты. Сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Гиннес рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг жиынға арнайы қатысты.

«Қазақстанның бұл жетістігі – тек ұлттық мәдени мұра ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ қазынасы» – деп атап өтті Ричард Стэннинг.

Енді Қазақстан ресми түрде «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» атағын алып, Гиннес рекордтар кітабына енгізіледі.

Жергілікті әкімдіктегілердің пікірінше, осындай рекордтар өңірге туристерді тартуға ынталандырады. Қазақстанда мұндай бастамалар үйреншікті болып келеді: мысалы, әлемдегі ең ұзын аспалы көпір салу жоспары бар. Бірақ ол қажет пе деген сұрақ та туындап отыр. Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Бақытұлы бұл іс-шараның ел үшін маңызын ерекше атап өтті.

«Бұл – тек мәдени іс-шара ғана емес. Бүгінгі мың түйеден құралған керуен халқымыздың көшпелі өмір салтының айшықты мұрасын әлемге паш етіп, жаңа заманға үн қатқан тарихи оқиға. Бұл арқылы біз жастарға ата-бабамыздың ұлы мұрасын танытып, туризмді дамытамыз, аймақ экономикасына серпін береміз», – деді ол.

Іc-шара барысында ұлттық нақыштағы бес киіз үй тігіліп, қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Арнайы фудкорт аймағы жұмыс істеп, шұбаттың дәмін тату мүмкіндігі жасалды. Сонымен қатар белгілі эстрада жұлдыздары мен өңір өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Керуеннің қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде өтуіне ерекше мән берілді. Патрульдік полиция қызметкерлері, өрт сөндіру техникасы, медициналық қызмет және ветеринарлық бақылау толық қамтамасыз етілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін турникеттер орнатылып, көрермендердің керуенге жақындауына шектеу қойылды.

Бұл рекордқа бастамашы болған «Дәулет-Бекет» шаруа қожалығы түйе шаруашылығы саласында аймақтық қана емес, халықаралық деңгейде де көш бастап келеді. Кәсіпорын 2011 жылы «Асылтұқымды мал өсіру шаруашылығы» мәртебесін иеленген.

2012 жылы Қарөткел жәрмеңкесінде «Алтын белгіге», 2013 жылы «Лидер отрасли» атағына ие болып, «Слава Казахстана» орденімен марапатталған. 2015 жылы Сочиде өткен аймақаралық форумда «Дәулет-Бекет» шұбаты үздік өнім деп танылған.

2021 жылы кәсіпорын жеке инвестиция есебінен 1 млрд теңге көлемінде жаңа сүт өңдеу зауытын іске қосып, Қытай мен Ресейге кептірілген түйе сүтін экспорттауды бастады. Бүгінде бұл шаруашылық ТМД елдері арасында шұбат өндіру бойынша көшбасшы болып саналады.

«Біздің мақсатымыз – түйе шаруашылығын дамыту арқылы ұлттық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару. Бұл шара – Қазақстанның тек рекорд жаңартып қана қоймай, өз бренді мен мәдениетін танытудың үлкен қадамы», – деді шаруашылық басшысы Сыдық Дәулетов.

Әкім орынбасары бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.

«Іле Алатауы мен Балқаш көлінің аралығында орналасқан біздің өңірде туризмді дамыту үшін зор мүмкіндік бар. Біз мәдени шараларды жиі өткізу арқылы туристерді тартуды көздейміз», – деді Б.Бақытұлы.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Алматы облысы

Сайт Әкімшілігі