Әлемдік криптоинвесторлар форумында Астананы келесі Дубай немесе Сингапур деп атады
Биткоинды бұрыннан цифрлық алтын деп атайды. Бүгінде әлемде шамамен 742 миллион адам криптовалюта иеленеді. Бұл – жер шарындағы әрбір оныншы тұрғынға жуық көрсеткіш.
Криптовалютаны игеру қарқыны жоғары елдер рейтингінде Сингапур төртінші жыл қатарынан бірінші орында тұр. Ал Біріккен Араб Әмірліктері екінші орынға жайғасқан. Астананы осы екі елдің жетекші қалаларымен салыстырған адам – криптовалюта саласында пікірі ескерілетін белгілі инвестор.
Америкалық кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Шринивасан Астананың Дубай немесе Сингапур жүріп өткен даму жолын қайталай алатынын айтты. Ол мұндай болжамын Сингапурда өткен The Network State Conference конференциясында білдірді. Бұл туралы @toughbuthones Telegram-арнасы хабарлады.
Coinbase криптобиржасының бұрынғы техникалық директоры Қазақстан астанасын әдемі, абаттандырылған әрі таңғаларлықтай таза қала деп сипаттады. Сонымен қатар конференция қатысушыларын Alatau City жобасына инвестиция салуға шақырды.
Бұл мәлімдеме әлемдік криптовалюта нарығына ықпал ететін инвесторлар мен кәсіпкерлердің алдында айтылды. Сингапурдағы Marina Bay Sands кешенінде өткен конференцияға шамамен 3 500 адам қатысты.
Конференцияға кімдер қатысты?
Форум қонақтарының арасында Ethereum блокчейн платформасының негізін қалаушылардың бірі Виталик Бутерин болды. Ethereum желісінде орталықтандырылмаған қаржы сервистері, цифрлық коллекциялар және смарт-келісімшарттарға негізделген мыңдаған қосымша жұмыс істейді.
Ричард Тенг – сауда көлемі бойынша әлемдегі ең ірі криптобиржа саналатын Binance компаниясының басшысы. Компанияның өз мәліметінше, платформасында тіркелген пайдаланушылар саны 300 миллионнан асқан.
Олаф Карлсон-Ви – блокчейн жобаларына инвестиция салатын алғашқы венчурлық қорлардың бірі Polychain Capital компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы. Ол криптовалюта саласындағы еңбек жолын Coinbase компаниясының алғашқы қызметкері ретінде бастаған.
Баладжи Шринивасан кім?
Шринивасан The Network State кітабының авторы ретінде танымал. Бұл еңбегінде ол интернетте қалыптасқан қауымдастықтардың жер иеленіп, мемлекеттермен келіссөз жүргізу арқылы өздерінің өмір сүру және жұмыс істеу ережелерін қалыптастыру мүмкіндігін сипаттайды.
2026 жылдың жазында оның Network School жобасы Қазақстанға көшірілді. Шринивасан елімізбен бес жылдық меморандумға қол қойды. Құжат жаңа кампус салуды және Network State халықаралық конференциясын жыл сайын өткізуді көздейді.
Шілде айында Премьер-министр Олжас Бектенов Шринивасанмен Ақмола облысында халықаралық технологиялық хаб құру және кейіннен бұл жобаны Alatau City аумағында дамыту мәселесін талқылады.
Сол кезде Бурабай маңында технологиялық қауымдастық қалыптастыруды көздейтін Network City жобасының жоспарлары да таныстырылған.
Шринивасан Network School жобалары мемлекеттік бюджет қаражатын пайдаланбай, жеке инвесторлардың есебінен қаржыландырылатынын атап өтті.
Алатау инвесторларға қандай мүмкіндік ұсынады?
Алатауға инвестиция салу туралы ұсыныстың заңнамалық негізі бар.
2026 жылдың мамырында Президент "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заңға қол қойды.
Құжат цифрлық активтер мен криптовалюталарға қатысты ерекше құқықтық режимді, сондай-ақ "Алатау резиденті" мәртебесін енгізеді. Бұдан бөлек, заң инвесторларға берілетін кепілдіктерді, салық-бюджет саясатын, қала құрылысы мен жер қатынастарын реттейді.
Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес, Alatau City өңірдегі алғашқы толық цифрландырылған қалаға айналуы тиіс. Онда тауарлар мен қызметтер үшін криптовалюта арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған.
Қала құрылысының бас кеңесшісі ретінде сингапурлық сарапшы аталған. Сондықтан Алатауды Сингапурмен салыстырудың практикалық негізі де бар.
Дубай мен Сингапурдың даму жолы
Дубай банктер мен инвестициялық қорларды тарту үшін Дубай халықаралық қаржы орталығын құрды. Бұл орталықта ағылшын құқығына негізделген дербес сот жүйесі жұмыс істейді.
Ал Сингапур қаржы технологияларын дамытуда рұқсат беру рәсімдерінің жылдамдығына, төмен салықтарға және жаңа қаржылық өнімдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін арнайы реттеушілік алаңдарға басымдық берді.
Қазақстанда да осыған ұқсас тетіктер бар.
2018 жылдан бері Астанада ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген жеке соты мен арбитражы бар "Астана" халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді.
Ал Алатау қаласы технологиялық және криптовалюталық жобаларға арналған жеке құқықтық режимді қалыптастыру арқылы бұл мүмкіндіктерді толықтырмақ.
Жаслан Мәдиевтің рөлі
Жарияланым авторы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің еңбегіне ерекше тоқталған.
Автордың айтуынша, Шринивасанмен байланыс орнатуға және ынтымақтастықты дамытуға Мәдиев ықпал еткен.
Жаслан Мәдиев криптовалюта саласын жақсы біледі. Ол 2024 жылы министр болып тағайындалғанға дейін Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері қызметін атқарған.
Мәдиев Колумбия университеті мен Массачусетс технологиялық институтында білім алған.
Ол басқаратын министрлік қазан айының басында Астанада өткен AI & Digital Bridge форумын ұйымдастырды.
Форумның ашық бағдарламасына келушілер саны 47 мыңнан асты. Ал HackAlem AI хакатоны жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең ауқымды хакатон ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Форумның негізгі спикерлерінің бірі Баладжи Шринивасан болды. Демек, ол Сингапурдағы конференцияда Қазақстан астанасы туралы жақында алған жеке әсеріне сүйеніп пікір білдірген.
Инвесторлар үшін бастысы – түсінікті ережелер
Network School жобасымен жасалған меморандум Қазақстанда Network State конференциясын жыл сайын өткізуді көздейді.
Бұл Сингапурда Шринивасанның сөзін тыңдаған инвесторларға Қазақстанға келіп, Алатау жобасымен тікелей танысуға мүмкіндік береді.
Қазақстан криптовалюта нарығын дамыту бағытында заңнамалық негіз қалыптастырып, арнайы құқықтық режим мен инвестициялық тетіктерді енгізуге кірісті.
Инвесторлар үшін ең маңызды факторлардың бірі – құқықтық тұрақтылық пен түсінікті ережелер. Қазақстан осы бағытта қажетті жағдай жасауға ұмтылып отыр.
Marina Bay Sands сахнасында айтылған ұсыныстың нақты инвестициялық жобаларға ұласуы ендігі жерде инвесторлардың шешіміне байланысты.
Астана Дубаймен салыстырылды. Ендігі қадам – инвесторлар тарапынан.