Аймақ

Әлемдік рекорд иегері атанған «Ер Едіге» мектебінің тәрбиеленушісіне домбыра сыйға берілді

Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра және дәуір» көрмесінің ашылуында облыс әкімі Асхат Шахаров «Ер Едіге» эпостық өнер мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, әлемдік рекорд иегері атанған жас өнерпаз Алтынай Жетесоваға домбыра сыйлады.

Jasalash.kz

Белгілі ақтөбелік шебер, Қазақстан Республикасы Шеберлер және суретшілер одағының мүшесі Ерқосай Әбілев жасаған домбыра Алтынайдың көптен бергі арманы болыпты. 

Алтынай Жетесова – «Шашу» халықтық отбасылық ансамблінің мүшесі. Ол жеті жыл бойы «Қазанғап» мектебінде прима-қобыз сыныбында білім алып, кейінгі екі жылда «Ер Едіге» эпостық өнер мектебінде домбыра орындаушылығы мен жыраулық өнерді меңгеріп келеді. Биыл 9-сыныпты аяқтаған жас өнерпаз Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжіне «Дәстүрлі ән» мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлап отыр.

Кездесу барысында өңір басшысы жуырда ғана «Ер Едіге» эпостық өнер мектебінің тәрбиеленушілері қазақтың батырлық жырларын 24 сағат бойы үздіксіз орындап, Азия мен Африка елдерінің GBR (Global Book of Records) дүниежүзілік рекордтар кітабына енгенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдейтін және Ақтөбе өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін мақтаныш болатын тарихи жетістік.

Облыс әкімі мектептің жетекшісі мен тәрбиеленушілеріне ұлттық мұраны сақтау мен дамытуға қосып жүрген үлестері үшін алғыс айтып, олардың еңбегі өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулуда ерекше маңызға ие екенін жеткізді.

Іс-шара барысында Асхат Шахаров домбыраның қазақ халқы үшін тек музыкалық аспап емес, рухани құндылықтың, тарихи жадының және ұлттық бірегейліктің символы екенін атап өтті.

«Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – қазақ халқының қасиетті қазынасы, рухани жадымыздың алтын арқауы, мәдени кодымыз бен ұлттық болмысымыздың айқын көрінісі. Қос ішектен төгілген күй ғасырлар бойы халқымыздың тарихын шертіп, ерлігі мен өр рухын, туған жерге деген сүйіспеншілігін, қуанышы мен сынағын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Домбыра – ұлттың үні, ал күй – Ұлы даланың жүрек соғысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу – мемлекеттілігімізді нығайтудың маңызды негіздерінің бірі екенін бірнеше рет атап өтті. Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі – мемлекетіміздің мәдени мұраны сақтауға, дәстүрлі өнерді дамытуға және жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға құрмет рухында тәрбиелеуге ерекше мән беретінінің жарқын дәлелі.

Бүгін біз Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Ықылас, Сейтек және басқа да ұлы күйші тұлғаларды зор мақтанышпен еске аламыз. Олардың мәңгілік мұрасы бүгінгі жас музыканттарға шабыт беріп, туған жерге деген сүйіспеншілік, халық бірлігі мен тарихқа құрмет секілді асыл құндылықтарды дәріптеуді жалғастырып келеді», – деді облыс әкімі.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ақтөбе