Қоғам

Әлеуметтік әділеттен – экономикалық тұрақтылыққа дейін

Қоғамның әлеуметтік жағдайын жақсарту – кез келген мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен өркендеуінің өзегін құрайтын стратегиялық міндеттердің бірі. Әлеуметтік теңгерім сақталған, азаматтардың еңбек ету құқығы қорғалған, табыс көздері тұрақты қалыптасқан елде ғана шынайы даму туралы сөз қозғауға болады.

Фото: Жас Алаш коллаж

Халықтың әл-ауқаты әдетте тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтіні анық, сонымен қатар құқықтық мәдениет, әлеуметтік әділеттілік, еңбек қатынастары сияқты факторлармен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда өңірлік деңгейде жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың мазмұны мен бағыты ерекше мәнге ие. Әсіресе еңбек қатынастарын заңдастыру, халықты жұмыспен қамту және кедейлікті азайту сияқты өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Осы бағытта Түркістан облысында соңғы уақытта нақты әрі мақсатты жұмыстар күшейтіліп жатыр. Еңбек қатынастарын реттеу, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және әлеуметтік теңсіздікті азайту мәселелері облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында жан-жақты қаралып, саладағы түйткілдер ашық айтылды. Осыған байланысты нақты тапсырмалар беріліп, жұмысты жандандыру қажеттігі қатаң ескертілді. Облыстағы ахуалға жүргізілген талдау еңбек қатынастарының толық рәсімделмеуі әлі де өзекті проблема екенін көрсетіп отыр. Мемлекеттік еңбек инспекциясының деректеріне сүйенсек, Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметіне сәйкес, өңірдегі 3 329 мекемеде 10 449 қызметкермен еңбек шарттары тіркелмеген. Әсіресе кәсіпкерлік, білім беру, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы салаларында мұндай фактілер жиі кездеседі. Бұдан бөлек, 2 601 мекемеде 7 677 адаммен еңбек шарты жасалмаған, 15 234 мекемеде 55 790 қызметкерге міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған, кейбір мекемелерде қызметкерлер жазатайым оқиғалардан сақтандырылмаған. Әсіресе кәсіпкерлік, білім беру, әлеуметтік қызмет және ауыл шаруашылығы салаларында мұндай заңбұзушылықтар жиі кездеседі. Бұған қоса көптеген жұмыс берушілер міндетті зейнетақы жарналарын аудармай, қызметкерлерді әлеуметтік кепілдіктерден айырып отыр. Кей жағдайларда еңбеккерлердің жазатайым оқиғалардан сақтандырылмауы да тіркелген. Мұндай жағдайлар еңбек заңнамасының орындалуын күшейтуді ғана емес, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды да талап етеді. Өйткені еңбек қатынастарының көлеңкелі аймақта қалуы – әлеуметтік тұрақсыздықтың алғышарттарының бірі.

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, дамыған елдерде еңбек қатынастарын толық заңдастыру экономикалық өсімнің негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылады. Мәселен, Еуропа елдерінде жұмыс берушілердің әлеуметтік міндеттемелерді орындауы қатаң бақылауға алынған, ал қызметкерлердің құқықтары заңмен толық қорғалған. Германия мен Скандинавия мемлекеттерінде еңбек шарттарының ашықтығы мен әлеуметтік кепілдіктердің жоғары деңгейі халықтың өмір сапасын арттырып қана қоймай, көлеңкелі экономиканың үлесін барынша төмендетуге мүмкіндік берген. Оңтүстік Корея мен Сингапур тәжірибесі де еңбек тәртібін күшейту мен әлеуметтік саясатты үйлестіру арқылы қысқа мерзімде кедейлікті азайтып, халықтың табысын еселеуге болатынына дәлел. Бұл мысалдар Түркістан облысында қолға алынған шаралардың стратегиялық тұрғыдан дұрыс бағытта екенін аңғартады.

Өңірде халықты әлеуметтік қолдау мен кедейлікті төмендету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыста халықты әлеуметтік қолдау және кедейлікті азайту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы 59 062 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 6,5 млрд теңге қарастырылып, кедейлік деңгейін 2,7%-ға дейін төмендету жоспарланған. Жылдың бірінші тоқсанында 36 890 адамға (5 960 отбасы) 1,6 млрд теңге көлемінде көмек тағайындалып, төленді. Облыста кәсіпорындар ашып, жұмыспен қамту нәтижесінде кедейлік деңгейі 1,7%-ға дейін төмендеп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 40,7%-ға азайған. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп, 2022 жылмен салыстырғанда 68,6%-ға қысқарған. Сонымен қатар Сауран, Отырар және Ордабасы аудандарында жүргізілген мониторинг барысында 675 отбасының тұрмыстық жағдайы зерделеніп, 115 кемшілік анықталды. Кейбір жағдайларда атаулы әлеуметтік көмек негізсіз берілгені анықталып, бюджет қаражатын қайтару мәселесі көтерілді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік саясатта әділдік пен ашықтықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж жандарға жетуі – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Оның ішінде 5,3 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек негізсіз тағайындалғаны белгілі болып, бұл қаражатты бюджетке қайтару қажеттігі белгіленді. Аталған кемшіліктер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Кедейлікті төмендетудің тиімді тетіктерінің бірі ретінде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып келеді. Сауран ауданы пилоттық аумақ ретінде таңдалып, отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» санатындағы азаматтарды «C» деңгейіне шығару бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында арнайы жұмысшы топ құрылып, тұрғындарға кооперативтерге бірігу, жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алу және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді. Нәтижесінде 32 азамат шағын несие алып, өз кәсібін бастауға ниет білдірсе, 46 адам бұғатталған банктік шоттарын қалпына келтіруге әрекет жасаған. Жобаға «LIHUA GROUP» және «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» сынды инвесторлардың тартылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Облыста зауыттар мен өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларды заңға сәйкес еңбек шарттары мен зейнетақы төлемдерімен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Соңғы жылдардағы көрсеткіштердің тұрақты түрде төмендеуі де атқарылған жұмыстардың нәтижелілігін көрсетеді.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында еңбек қатынастарын заңдастыру, халықты жұмыспен қамту және кедейлікті төмендету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар кешенді сипатқа ие. Бұл шаралар тек қысқа мерзімді нәтижелерге қол жеткізуді ғана көздемей, өңірдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз қалауды мақсат етеді. Еңбек нарығын реттеу, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру – бір-бірімен өзара тығыз байланысты үдерістер. Осы бағыттағы жүйелі саясат қана қоғамның тұрақтылығын сақтап, азаматтардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.

Нұрханым Аманжол

Түркістан облысы

Сайт Әкімшілігі