Қоғам

Әлеуметтік желіде алауыздық тудырғандар 20 жылға сотталуы мүмкін

Бас прокуратура қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде жарияланатын жазбалар мен пікірлерге мұқият болуға шақырды.

Фото: из открытых источников

Ведомство мәліметінше, соңғы уақытта интернет кеңістігінде қоғамда алауыздық тудыруы, түрлі топтар арасында жанжалға түрткі болуы мүмкін материалдар жиілеп кеткен. Прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес араздық қоздырғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай кінәлілерге ірі көлемде айыппұл салынуы немесе 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Жауапкершілік тек мұндай материалдарды жариялаған азаматтарға ғана емес, оларды әдейі таратуға көмектескен адамдарға да жүктеледі. Атап айтқанда, күмәнді контентті бөлісу, қайта жариялау немесе өзгелерге жіберу де құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

Бұдан бөлек, Бас прокуратура жалған ақпарат таратуға қатысты заң талаптарын да еске салды. Фейк ақпаратты жариялағаны үшін айыппұл қарастырылған, ал кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.

Осыған байланысты қазақстандықтарға ақпаратты жарияламас бұрын оның шынайылығын тексеруге, арандатушылыққа ермеуге және интернетте тарататын мәліметтерге жауапкершілікпен қарауға кеңес берілді.

Сайт Әкімшілігі