Оқиғалар

Әлеуметтік желідегі «әдемі өмір»– байлықтың белгісі емес

Қазір қоғамда адамдардың өмір сүру салты күрт өзгерді. Бұрын «ел не дейді?» деген түсінік ауыл-аймақтың әңгімесімен шектелсе, қазір ол әлеуметтік желінің алгоритміне айналған.

Фото: Shutterstock

 Жұрттың көзіне жақсы көріну, өзгеден қалмау, сән-салтанатпен өмір сүріп жатқандай әсер қалдыру кей адамдар үшін қалыпты өмір салтына айналып барады. Әсіресе жастар арасында әлеуметтік желідегі «мінсіз өмірдің» жетегіне еру күшейсе, үлкендер арасында несие алып той жасау, шамадан тыс шығынға бату әдетке айналғандай.

Осы мәселеге қоғам назарын аудару мақсатында Алматыда «Жастар ысырапшылдыққа қарсы. Үнем – Сана – Мәдениет» атты челлендж басталды. Қалалық комьюнити орталықтарда қолға алынған бастама жастар арасында үнемшілдік мәдениетін қалыптастырып, қаржылық жауапкершілікті арттыруды және орынсыз шығынға тосқауыл қоюды көздейді.

Қазір жастардың өміріне TikTok, Instagram секілді платформалардың ықпалы зор. Әлеуметтік желіде қымбат көлік мінген, бренд киім киген, шетелде демалған, мейрамханаға жиі баратын адамдар көбейді. Бейне бәрі ертегідегідей әдемі өмір сүріп жатқандай көрінеді. Бірақ көп жағдайда бұл көріністердің ар жағында шынайы өмір емес, арнайы жасалған «контент» тұрады.

Мысалы, жастардың бір бөлігі блогерлер мен инфлюенсерлердің өміріне қарап, өздерін де дәл сондай өмір сүруге міндетті сезінеді. Содан барып, қалтасы көтермесе де қымбат телефон алу, бренд киімге ақша шашу, сән үшін қарызға кіру сияқты әрекеттерге ұрынады.

Психологтар мұны әлеуметтік салыстыру синдромымен байланыстырады. Яғни адам өз өмірін өзгенің «әдемі кадрларымен» салыстырып, өзін төмен сезіне бастайды. Соның кесірінен кей жас табысынан бұрын беделін көрсетуге күш салады. Алайда әлеуметтік желіде көрсетілетін өмірдің көп бөлігі сүзгіден өткен, өңделген, кейде тіпті жасанды екенін ұмытып кетеді.

Шын мәнінде, бақыт қымбат мейрамханадағы кешпен немесе жаңа көлікпен өлшенбейді. Бірақ қазіргі қоғамда «көрсету мәдениеті» адамдарды табиғи өмірден алыстатып жібергені жасырын емес.

Жастар ғана емес, үлкендер де ысырапшылдықтың шырмауына түсіп отыр. Әсіресе қазақ қоғамындағы той мәдениеті кейінгі жылдары үлкен талқыға айналды. Құда түсу, қыз ұзату, үйлену тойы, мерейтой бәрі бұрынғыдан да аста-төк деңгейде өтетін болған.

Көп жағдайда адамдар тойды шамаға қарап емес, жұрттан қалмау үшін жасайды. Тіпті несие алып, қарызға белшеден батып жатқандар аз емес. Көбі «елден ұят болады», «тойымызды жұрт қалай көреді» деген ойдың жетегінде шамасы жетпесе де, несиеге ұрынады. Ал қарызданып жасаған тойдың соңы мақтан емес, машақатқа ұрындырып жатады.

Бір күндік салтанат үшін бірнеше жыл бойы несие төлеу қаншалықты ақылға қонымды? Әлеуметтік жағдайы мәз емес отбасының қарызға батып, кейін психологиялық күйзеліске түсуі қоғамдағы жасырын проблеманың бірі болып отыр. Өкінішке қарай, кейде адамдардың қуанышы емес, дастарқанның көлемі, әншінің бағасы немесе ресторанның сән-салтанаты сөз болады. Бұл рухани құндылықтың материалдық көрсеткішпен өлшенетін деңгейге жеткенін көрсететін құбылыс.

Алматы жастары ысырапшылдыққа қарсы үн қосты

Осындай келеңсіз үрдістердің алдын алу мақсатында Алматыда «Жастар ысырапшылдыққа қарсы» челленджі басталды. Жоба аясында комьюнити орталықтарда жастармен кездесулер мен пікірталастар ұйымдастырылып жатыр.

Бұл бастама тұтыну мәдениетін қалыптастырып, қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында қолға алынып отыр. Кездесулер барысында артық шығын, атақ үшін несие алу, әлеуметтік желінің адам санасына әсері, сондай-ақ су, жарық, азық-түлік секілді ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланып жатыр.

Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры директорының міндетін атқарушы, «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаеваның айтуынша, тренингтер «Үнем», «Сана» және «Мәдениет» бағыттары бойынша интерактивті форматта өтіп жатыр.

«Кездесулер барысында қатысушылар күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді интерактивті форматта талқылап келеді. Атап айтқанда, су мен электр қуатын үнемдеу, қаржыға саналы көзқарас қалыптастыру, атақ-даңқ үшін несие алудан бас тарту және әлеуметтік желідегі «жұртқа көрсету үшін өмір сүру» түсінігінен арылу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бүгінгі тренинг «Үнем», «Сана» және «Мәдениет» атты үш негізгі бағытты қамтыған тақырыптық карточкалар негізінде өтті. Қатысушылар өмірлік жағдаяттарды саралап, оларды шешудің нақты әрі тиімді жолдарын ұсынды», – дейді Анарбаева.

Жоба аясында мамандар жастарға «жұртқа көрсету үшін өмір сүру» түсінігінен арылу, даңғаза өмірге ұмтылмай, мүмкіндігіне қарай өмір сүру идеясын насихаттады. Бұл қазіргі қоғам үшін аса өзекті мәселе болып отыр. Кей адам үнемдеуді жоқшылықпен байланыстырады. Бірақ шын мәнінде үнемшілдік қаржылық мәдениет пен жауапкершіліктің көрінісі саналады. Дамыған елдерде адамдар табысы жоғары болса да орынсыз шығыннан қашады, ресурсты қадірлейді, қаржысын жоспарлайды.

Қазір қоғамға бір-бірімен жарысу емес, саналы өмір сүру мәдениеті аса қажет болып отыр. Өзгенің өміріне қызығып, жалған мәртебе үшін қарызға батқаннан гөрі, қаржылық тұрақтылық пен рухани тыныштық әлдеқайда маңызды. Алматыда басталған челленджді осы көзқарасты қалыптастыруға жасалған маңызды қадамдардың бірі деуге болады.

Қуан Өмірхан

Алматы қаласы

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Интернет