Қоғам

Әли Хаменеидің табыты Иракқа жеткізілді

Иранның америкалық-израильдік әуе шабуылы кезінде қаза тапқан жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеидің табыты Иракқа жеткізілді.

Фото: видео-скрин

Табытты алып келген арнайы ұшақ Ирактың Наджаф қаласының әуежайына қонды. Бұл туралы INA агенттігі хабарлады. Сондай-ақ жерлеуді ұйымдастыру жөніндегі жоғары комитет шиит мұсылмандары үшін қасиетті саналатын Наджаф пен Кербала қалаларындағы қаралы рәсімдерге дайындық толық аяқталғанын мәлімдеді.

Мыңдаған ирактықтар Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеидің табытын қолдарымен көтеріп алып жүрді. Иран делегациясын ел президенті Масуд Пезешкиан бастап келді. Наджафқа келгеннен кейін ол Ирак премьер-министрі Әли әз-Зейдимен келіссөз өткізді.

Бұған дейін Ирак үкіметі 8 шілдені Әли Хаменеимен қоштасуға қатысқысы келетін азаматтар үшін демалыс күні деп жариялаған болатын. Әли Хаменеимен қоштасу рәсімі 3 шілдеде Тегеранда басталды. Бірнеше күн бойы оның мәйіті Тегерандағы ең ірі діни-қоғамдық кешен – Мосаллада қойылып, халықпен қоштасу ұйымдастырылды.

 6 шілдеде Тегеранда қаралы шеру өтіп, кейін оның мәйіті Иранның басты діни орталығы саналатын Қом қаласына жеткізілді.

8 шілдеде табыт Иракта болады, ал жерлеу рәсімі 9 шілдеде Әли Хаменеидің туған қаласы – Мешхедте өтеді.

Сайт Әкімшілігі