Әлібек Қуантыров. "БОЙДАҚ"
"Бойдақтың күні – мойнақтың күнімен бірдей" деген аталы сөзді ең алғаш кімнің айтқаны дәл қазір есімізге түспей тұр.
Әйтеуір аузы дуалы қаламгерлердің бірі бас құрамаған жігітке осындай "диагноз" қойған екен деседі. Ал біздің кейіпкеріміздің күні – бойдақ пен мойнақтың күнінен әлдеқайда жақсы екенін оқырман қауым тегіс білуі тиіс. Дегенмен мына мәселені де ескеріңіз, Әлібек Қуантыровты "бойдақ" деп "есептейтіндер" легі бір толастамай келеді.
"Бойдақ министр" және трансгендер
Байқадыңыз ба, байқамадыңыз ба, қазіргі Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров қызмет ауыстырса немесе ресми мәлімдеме жасаса болды, қу тілді журналистер "қуана" ақпарат таратады. Оның дені былай болып келеді: "Неженатый чиновник возглавил еще одно министерство", "Елдегі бойдақ министр 2025 жылға дейінгі жоспарын айтты", "Үкіметтегі жалғыз үйленбеген министр "бай адам" ұғымының енгізілуіне қатысты пікір білдірді"…
Неге бұлай? Әріптестеріміз неге Әлібек Қуантыровты елден ерекше "бойдақ" деп атайды? Әлде алдағы қарашада қырықтың үшеуіне толатын кейіпкеріміз шынымен де осы уақытқа дейін қу тізесін құшақтап жүр ме? Біздіңше, олай емес сияқты. Өйткені өмірбаяндық деректерінде үйленгені, отбасы бар екені айтылады. Мәселе – қосағы мен қайын жұртының кім екенінде. Осы жағын "тексергісі" келетін журналистердің тұмсығы жиі тасқа соғылады. Содан кейін де болуы керек, кейбір әріптестеріміз "бойдақ" сөзін жиі телуге құмар.
Ақылдылығы шығар, Әлібек Қуантыров оның біріне де шамданбайды. Осы уақытқа дейін жоғарыдағы сөз үшін журналистердің бірімен "байланысып" жатқанын естімептік. Соған қарағанда, "айтқан ел айта берсін, менің нем кетеді?" дейтін сияқты.
Интернетке шолу жасасаңыз, "бойдақ министр" туралы әңгімені журналистерден бөлек тағы бір адам айтқанын байқайсыз. Ол – Никонет ныспысымен танымал трансгендер-блогер. Өткен жылы "бұл сұлу" әлеуметтік желінің "астаң-кестеңін" шығарған. Сөзіне сенсеңіз, Никонет үйленбеген министрдің "ғашығы" болғанға ұқсайды: "Менің бұрынғы сүйіктім министр болған. Ол туралы осы күнге дейін ешкімге тіс жармадым. Ол үйленбеген. Мен де отбасылы еркектермен байланыспаймын. Алты ай бойы мен үшін барын салды. Миллиондап ақша жіберіп, гүлдер мен сыйлықтар берді. Бәрі ертегіге ұқсады. Бірақ жүрекке әмір жүрмейді".
Былай қарасаңыз, Никонеттің сөзінен адамгершіліктің иісі "аңқиды". Отбасылы еркектермен байланыспайтыны – өзге шаңырақтың шырқын бұзбаудың қамы. Үйленбеген министр миллиондап ақша жіберсе, ол – соның сезімі. Бәрі ертегіге ұқсаса, махаббаттары "тәтті" болған шығар. Ал жүрекке әмір жүрмейтіні – екі жердегі екінің төрт болатынындай ақиқат, демек, Никонет оны тастап кеткен…
Ал жұртқа не керек? Жұртқа бойдақ министрдің кім екені керек. Сонда ғой, Қуантыровты қанша "қуса" да, "құмалақ" түсіре алмаған журналистер бір-бірінің бетіне қарап жымыңдаған. Бірақ одан арыға бара алмады. Ал неге бара алмайды? Өйткені Никонет ашынасын "бұрынғы министр" деп сипаттады ғой. Ал Әлібек Қуантыров ол кезде Сыртқы істер министрінің орынбасары болатын. Демек, Никонеттің "ғашығы" мүлде басқа адам деген сөз.
Жалпы, әйелді жасырын ұстаудың шенеуніктер үшін пайдасы көп қой. Бірақ соны ұғатын шенді сирек. Білесіз, елімізде талай дөй бастықтың әйелдері әртүрлі "қылықтары" арқылы күйеулерінің абыройына кір жұқтырған. Әйелінің ақымақтау әрекетінен басы төмен салбырағандар аз емес. Сондықтан біз бұл жерде Қуантыровтың ұстанымын құптаймыз. Бірақ бір нәрсені ескертейік, бұл сөзіміз "министр журналистерді жеңді" дегенді білдірмейді. Оған сөздің ретіне қарай кейінірек тоқталамыз.
"Тумысынан министр"
Мұндай тіркес Әлібек Сәкенұлының өмірбаянына қарап отырсаңыз, өз-өзінен "төгіліп" түседі. Кейіпкеріміз 1983 жылы қазағы қалың қала – Атырауда өмірге келген. Содан шығар, орысшаға жүйрік болғанымен, қазақшасы ешкімнен кем емес. Атыраудың жастары білім іздеп, Алматыға сабылып жатқанда, кейіпкеріміз қиырға бас бұрған. Томск мемлекеттік университетін "Қаржы және кредит", сондай-ақ "Лингвистика және мәдениетаралық коммуникация" мамандықтары бойынша бітірген. Оның орнында басқа біреу болса, сол дипломының өзін әлдеқандай қылып, талай мекеменің есігін ашар еді. Ал Әлібек Қуантыров алған біліміне мастанбаған. "Болашақ" бағдарламасымен шүу деп АҚШ-қа тартқан да, Мичиган университетінен экономика магистрі дәрежесін алған.
Енді осындай адам қай жерге барады деп ойлайсыз? Әрине, министрлікке барады. Шенді-шекпенділердің өмірбаянын түгендеп отырсаңыз, қос дипломын құшақтап алып, министрлікке "топ ете" түскен ешкім жоқ. Мысалы, Ақмарал Әлназарова – дәрігер, Айдарбек Сапаров – совхоз бухгалтері, Жұлдыз Сүлейменова – мұғалім, Ержан Сәденов – жедел уәкіл, Жаслан Мәдиев – трейдер болып бастаған. Ал біздің кейіпкеріміз 2005 жылы "екі қолын қалтасына салып алып", Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне жетекші маман болып келді. Бір жылдан кейін осы министрліктің Инвестициялық саясат және жоспарлау департаментіне алдымен сарапшы, кейін бас сарапшы болды. 2010 жылдан кейін Қаржы министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жауапты қызметтер атқарды. Әлібек Қуантыровтың министрліктен жырақтаған кезеңі – 2013-2019 жылдары. Бірақ ол төмендеген жоқ, керісінше, өркендеп-өсіп, Назарбаевтың маңында жүрді. Алдымен президент әкімшілігінде, сосын бұрынғыдан да жақындап, Елбасы кеңсесінде қызмет атқарды. Ал 2021 жылы Ұлттық экономика министрлігіне вице-министр болып барды да, екі жылдан кейін министрдің өзі болды.
Арасында төрт ай ғана "KAZENERGY" қауымдастығын басқарғанын есептемесеңіз, сол 2021 жылдан бері қарай үш министрліктің төбесіне шықты. Рас, Сыртқы істер министрлігінде Мұрат Нұртілеуге орынбасарлық жасады. Әрине, Нұртілеу енді Қуантыровқа орынбасарлық жасамайды ғой. Сондықтан кейіпкеріміздің Сыртқы істер саласындағы қызметі өзіне сай секілді көрінді. Ал қай министрлікте не істеді дегенге келсек, Ұлттық экономика министрлігі алға шығады.
Яхтаның жайы мен вискидің дәмі
Обалы не керек, сол кездегі Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың "сән-салтанат" салығы қарапайым жұртты қуантып тастаған. Себебі жоспар бойынша жуандар мен шонжарлар үкіметке үйіп-төгіп салық төлеуі тиіс еді. Әрине, ешкім "шіріген байлар мен жемқор шенеуніктер көп төлейді" деген жоқ. Бірақ министр "сән-салтанат" салығы, яғни байлық салығының кімдерге арналғанын өте әдемі түсіндіріп берген: "Кейбір қазақстандықтардың меншігіндегі жеке яхта, ұшақ, қымбат көліктер жайлы мәліметті жариялап отырмыз. "Сән-салтанат" салығы осы санатқа салынады".
Мен қанша жерден айтқанмен, халық түсінбей қалмасын деді ме, әлде осылай түсіндіру өзіне де жеңіл көрінді ме, әйтеуір, "сән-салтанат" салығы қалай алынатынын Қуантыров алкогольді өнімнің мысалында ұқтыруға тырысып, былай деген: "Байлыққа салынатын салық аясында қымбат алкогольді өнімдерден де алым алынады. Оны мың есе арттырамыз. Мысалы, 50 жыл сақталған Macallan вискиінің құны 6 млн теңге. Қазір оның аксизі 700 теңге. Біз оны 10 есе арттырамыз, осылайша құнының 10%-ы ретінде салық салынатын болады. Байлыққа алынатын салық халықтың белгілі бір тобына ғана арналады".
Былай да белгілі ғой, қалтасындағы 6 мың теңгесін қолы қалтырап әрең жұмсайтын қарапайым халық 6 миллион теңгенің вискиін ешқашан іше алмайды. Ал қымбат вискиді шайқап ішетіндерге салықты қанша көбейтсең де, бәрібір. Қымбат яхта, жеке ұшақ, құнды көлік те – соларда. Демек, Үкімет Қуантыровтың "сән-салтанат" салығы арқылы байларды "сауады" да, бюджетті толтырып, жалақы мен жәрдемақыны көбейтеді. Міне, қарапайым жұрт осылай ойлады.
Өйткені сол жылы, яғни 2023 жылы жарияланған UBS қаржы холдингінің есеп-қисабында Қазақстанда 57 965 долларлық миллионер бар екені атап көрсетілген. Оның ішінде 189 адамның байлығы – 100-500 млн доллар арасында. 297 адамның тыққан-пыққаны – 50-100 млн доллар. 2 605 қазақстандық – 10-50 миллион шамасындағы долларды сандығына сап қойған. 4 115 кісі – 5-10 млн арасындағы көк қағазды жамбасына басып отыр. Оған қоса, 50 711 "шала байдың" –1-5 млн доллар ақшасы бар.
Байқадыңыз ба, ақша дегеніңіз қайда жатыр? Бұл жерде "біздің миллиардерлердің саны неге көрсетілмеген?" деп бәле іздегендей болудың қажеті жоқ. Бастысы, Қуантыровтың ынтасы сұмдық еді. Оның үстіне министр "Қарапайым қазақстандықтар төлейтін салық өзгермейді" деп кесіп айтқан.
Ақырында не болды? Тука айтпақшы, екі де бір болды. "Жая жегендердің балалары жая жеп жүр…" дегеннің кері келді. Қазіргі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биыл маусым айында "сән-салтанат" салығы туралы "Қымбат көліктерге, алкогольге, яхталар мен темекілерге келетін болсақ, бюджетке қандай да бір қомақты қаржы түседі деп күтпейміз" деді. Ал неге күтпейді? Мұны кешегі және бүгінгі министр өзінше түсіндіруі мүмкін. Алайда халық түсінбейтін бір нәрсе бар. Қуантыров "қиқулап" жүрген 2023 жылы "сән-салтанат" салығының 2024 жылдан бастап қолданысқа ену мүмкіндігі айтылған. Қазір – 2026 жыл. Жұманғарин оны "2027 жылдан бастап күшіне енеді" дейді. Ене ме, әлі де созыла ма? Дайын дүниені созбақтаудың не қажеті бар еді?
Айтпақшы, естеріңізде ме, журналистердің бірі былтыр Серік Жұманғариннен "Қосымша құн салығын көтеру идеясының авторы кім?" деп сұраған. Ал Жұманғарин не деді? "Оны не істейсіз?" деді. Не істеуші еді, авторын айтса, біреу оның құлағын кесіп алады дейсіз бе? Жалпы, Жұманғариннің өзі де қызық жігіт қой, болмайтын жерден осылай "бәлеге" шатылып жүреді. Енді бір қызық айтайық. Дәл осы ҚҚС бойынша өткен дау-дамайларда, яғни Жұманғаринді журналистер "жұлмалап" жатқанда, бізге Қуантыров қиырда миығынан күліп тұрғандай болып көрінеді. Неге? Өйткені ҚҚС-ті көтеру мәселесі сонау 2023 жылы басталған. Осы жылдың сәуір айында "сән-салтанат" салығын түсіндіріп, көптің көңілін демдеп тастаған Қуантыров қазан айында Үкімет сағатында сөйлеген.
Сөйлегенде бүй деген: "ҚҚС базалық мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру ұсынылады. Мөлшерлеменің өсуі – бұл бюджетке 2-2,4 трлн теңге мөлшерінде қосымша түсімдер. Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттер көлемімен бірдей. Қосымша кірістер бізге осы трансферттердің мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеміз. Бұл өте маңызды міндет. Біз болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорды сақтауымыз керек".
Көрдіңіз бе, демек, ҚҚС-ті 16%-ға көтеру мәселесі Жұманғарин Ұлттық экономика министрлігіне жоламай тұрғанда басталған. Осыны ескерсеңіз, ҚҚС-тің "қырық пышақ" дауында Қуантыров құтылып, Жұманғарин тұтылғандай әсер қалдырады.
"Ескі" мен "жаңаның" ортасында
Шенеунік болғаннан кейін анда-санда журналистермен "шайқасып" тұрғанның ерсілігі жоқ. Ол – енді әріптестеріміздің айбыны мен шендінің шыдамына тәуелді дүние. Кейіпкеріміз де бірнеше мәрте мұндай "қысылтаяңнан" бірде қиналып, бірде қиналмай өткен кісі. Жоғарыда Әлібек Қуантыровтың бұрынғы президенттің әкімшілігі мен Елбасы кеңсесінде жауапты қызметтер атқарғанын айттық. Ескі президентке тым жақын жүрген шенеунік 2022 жылдың 11 қаңтарында жаңа президенттің жарлығымен Ұлттық экономика министрлігіне бас болды. Ал үш айдан кейін "Ұлысмедиа" Әлібек Қуантыровтан сұхбат алған. Журналист "Назарбаевтың "Алдымен – экономика, саясат – содан кейін" дейтін тұжырымы өзін ақтады ма?" деп сұрайды.
"Меніңше, иә" деп бастаған Қуантыров "экономика алға шықты деген сөз, саясат соңғы орында қалды дегенді білдірмейді" дейді. Сөйтеді де, ЖІӨ-нің өскенін, экономикалық тұрғыда Қазақстанның талай жетістікке жеткенін айтады. Мұның дұрыс жері де бар шығар, алайда Назарбаевтың тұсында экономиканы екпіндету ұранымен жүздеген өндіріс орындарының ашылып, кейін қайта жабылғанын, оған жұмсалған миллиардтардың желге ұшқанын айтпайды. Өліара кезеңнің әсері шығар, журналист те ол жағын тереңдетіп сұрамайды. Бұл енді – Қуантыровтың журналист сауалынан қиналмай өткен тұсы.
Ал маусым айында орынбасарын қасына ертіп алған Әлібек Қуантыров Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен. Сонда журналист Мәдина Жатқанбаева "1995 жылы мемлекеттің меншігінде болған Қазақстан даму Қоры кейіннен Тұңғыш президент Қорына айналып кетті. Онда 9 млрд доллар қаржы айналымы болған. Енді сол Қор мемлекетке қайтарыла ма?" деген сауал қойды. Ал министр не деді деп ойлайсыз? Былай деді: "Жақсы сұрақ. Бірақ мен бұл сұраққа жауап бермеймін".
Жауап бермеймін дегенге қоя салатын Жатқанбаева емес екен. Қуантыровты үйді айнала қашқандай күйге түсіріп, әбден сілікпесін шығарған. "Сонымен Қор мемлекетке қайтарыла ма?" деген қайталама сұраққа министр "Шынымды айтып отырмын, мен оны білмеймін" деп еді ант ішкендей болып.
Шенеуніктің сол кездегі бет-жүзін көрген дұшпандары айыздары қанып күлген де шығар. Бірақ кім-кімге күлмей жатқан заман қазір. Қайта, кейіпкеріміз ес тапты. Әлдекімдер құсап, аузына келгенін қойып қалып, дауға қалған жоқ. Оның себебі сол: "білмеймін деген – бір сөз". Қуантыровты "бәледен құтқарып" жүрген екінші сөзі – "Менің қатысым жоқ".
Інінің ізі мен ананың бизнесі
Кейіпкеріміздің 1987 жылы туған Ермек Қуантыров дейтін бауыры бар. Сол бауыры "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының құқықтық сүйемелдеу және сатып алу жөніндегі бас директоры қызметіне тағайындалғанда, журналистер Әлібек Қуантыровты тағы да "қоршап" алған. Ортаға алудың мәнісі белгілі ғой, бауырының бас болу сырын түсінсек дейді, баяғы. Ал кейіпкеріміз сасқан жоқ, былай деді: "Менің бұған еш қатысым жоқ. Ол тағайындаудың заңды рәсімдерінен өтті. Ол Колумбия университетіндегі ең жақсы заң мектептерінің бірі, жетекші университеттің бірін бітірген. Ол – Президенттік жастар кадрлық ұйымының мүшесі. Резервке түсу оңай емес, іріктеудің күрделі процедурасы бар. Оның халықаралық құқық саласында, сот органдарында тәжірибесі бар, онда 13 жыл жұмыс істеді. Құқықтық мәселелерге жауапты, критерийлерге сәйкес келеді, заңды түрде өтті".
Енді бұған не дей аласыз? Қазақстанда ешқандай шенеуніктің туыс-туғаны жоғары қызметке заңсыз орналасып көрмеген ғой, білесіз. Бәрі де білімді, бәрі де ақылды. Ал Әлібек Қуантыровтың бауыры – тура өзі секілді. Ермек те жоғары білімді Томскіден алып, "Болашақ" бағдарламасымен Нью-Йорктегі Колумбия университетін тамамдаған. Еңбек жолын "Қазақстан темір жолында" басқарма менеджері болып бастаған. Ал бұл кезде үлкен Қуантыров Экономикалық даму және сауда министрлігінде басқарма басқарып отырған. Інінің өсу жолынан ағаның "қамқорлығын" іздегендер әрнені астарлайды. Құдай-ау, онда тұрған не бар?! Бір сөзінде министрдің өзі "бір үйде екі баламыз" деп қалған. Демек, інісі – артынан ерген қарасы. Енді ол ағасының "артынан ілеспегенде", айдалаға маңып кетуі керек пе?!
Әлібек Қуантыровтың әйелін көруге "асыққан" кейбір журналистер ол мақсатына жете алмаса да, кейіпкеріміздің анасын "тауып" алыпты. Ондағы деректерге қарасақ, болашақ министр мәнсабын енді бастап жатқанда, анасы Гүлнар Арғымбаеваның атында "CAPITAL FINANCE CENTRE" деген серіктестік болғанға ұқсайды. Компания бағалы қағаздар мен тауарлар нарығында брокерлік қызметтер көрсеткен. 16 жылдық қызмет тарихында ұзын-ырғасы 40,7 миллион теңге салық төлепті. Ең жоғары көрсеткіш 2016 жылы тіркелген: сол жылы компания 27,6 миллион теңге төлеген, бұл сома – компанияның бүкіл кезеңіндегі жалпы салық аударымдарының жартысынан астамы. Жоғарыдағы есепке салсақ, 2016 жылы Әлібек Қуантыров президент әкімшілігінде жауапты қызмет атқарған. Демек, сол тұста анасының бизнесі қарқындап алға басқан, не болмаса, болашақ министр "табысты жасырмау керек" деп анасына ескерту жасаған. Қайсысы болса да, бұл жерде бәлендей заңсыздық жоқ. Сондықтан Әлібек Қуантыровтың жан-жарының кім екенін білуге асықса да, ештеңе шығара алмағандар бұл жерден де бірдеңе таба алады деп ойламаймыз.
Түйін
Әлібек Қуантыров Экология және табиғи ресурстар министрлігіне 2026 жылдың 3 қыркүйегінде тағайындалды. Сол күні кейіпкеріміз не істеді деп ойлайсыз? Қанша ойлансаңыз да, бәрібір таба алмайсыз, одан да өзіміз-ақ айтып бере салайық. Алғашқы жұмыс күнінде, яғни 3 қыркүйек күні Қуантыров "Қазақы тазы мен төбет" күніне арналған салтанатты іс-шара өткізіп, кинологтар мен ит өсірушілерді марапаттады. Ұлттық экономика министрлігінен кетіп, Экологияға барған кейіпкерімізді "воздух қуатын болды" деп қыжыртқандар мына шараға тіпті күліп қарады. Бірақ бұл күлетін нәрсе емес. Біле білсеңіз, министрліктің "табиғи ресурстар" деп аталатын екінші жартысы бар. Ал табиғи ресурстар дегеніңіз – қазақ жерінің асты мен үсті. Жануарлар дүниесі де осы министрлікке қарайды. Сондықтан ит өсірушілермен қоян-қолтық жұмыс істеу – Қуантыровтың негізгі міндетінің бірі. Бірақ бір мәселе бар. Қазір Қазақстанның әр бұрышынан жасырын кен қазатын "көртышқан тектес" компаниялар көбейді. Біздіңше, Қуантыров сондай ұры-қарыларды "итпен іздесе" де артықтық етпейді. "Жас Алаш" газеті бұл тақырыпта сан рет мәселе көтерген.
Көреді ғой енді, иттен қайыр болмаса, қазақ жерін өз білгенінше қопарғандар жайлы мәліметтер мен жергілікті тұрғындардың жанайқайын біз де беруге даярмыз. Сонда Қуантыровқа қалатыны – жұмыс істеу ғой. Одан басқа не енді?!
Сансызбай Нұрбаба