Әлеумет

Алма бағы қорының экс-басшысы жүздеген миллион теңгелік іс бойынша ұсталды

Шымкент қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті алма бақтарын құруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыруға қатысты резонансты істі тергеуді аяқтады.

Фото: ашық дереккөз

Іс бойынша басты күдікті – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» бұрынғы басқарма төрағасы Ж. Омаров.

«Қарқынды алма бақтарын кілтпен тапсыру» бағдарламасы кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымы бар жер телімдерін лизингке беруді көздеген. Алайда тергеу нұсқасы бойынша, бақ өсірудің орнына қаражатты жүйелі түрде шығару схемасы ұйымдастырылған.

Бағаны қолдан көтеру схемасы

Тергеу мәліметінше, экс-басшы «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-ін қоса алғанда, өзіне бағынысты компаниялар арқылы әрекет еткен. Сатып алулар бір көзден жүргізіліп, жабдықтар мен материалдардың құны жасанды түрде өсірілген.

Кей жағдайларда жұмыстар мүлде орындалмағанымен, жалған актілер арқылы қаражат аударылған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 430 миллион теңгеден асады.

Субсидиялар “қалтаға кеткен”

Бұдан бөлек, инвестициялық субсидияларды жымқыру фактілері анықталған. Бұл үшін жалған ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған.

Олардың есепшоттарына бақтарға кеткен шығынды өтеу деген желеумен 327 миллион теңге аударылған. Алайда осы соманың небәрі шамамен 20 пайызы ғана мақсатты түрде жұмсалған.

250 миллион теңгеден астам қаржы сенімді тұлғалар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Жерге тыйым салынып, іс сотқа өтті

Қазіргі уақытта сот санкциясымен жалпы аумағы 108 гектар жер телімдеріне тыйым салынды. Олардың бағалау құны 1 миллиард теңгеден асады. Күдікті Ж. Омаров қамауға алынып, іс сотқа жолданды.

Айта кетейік, осы іс аясында бұған дейін қордың бұрынғы басқарушы директоры М. Искаков пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Р. Сазынбек 8 жылға сотталған. Олардан төрт автокөлік тәркіленген.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жемқорлық