Қоғам

Алматы облысында каналға құлаған ер адам аман қалды

Алматы облысының Талғар ауданында ер адамның өмірін құтқару бойынша күрделі операция жүргізілді. Күшті ағысқа түсіп кеткен азамат бірнеше шақырымға дейін ағып кетсе де, аман қалды.

Фото: скриншот

Оқиға туралы хабар 112 қызметіне Кеңдала ауылынан түскен.

Алдын ала мәлімет бойынша, 34 жастағы ер адам абайсызда суару каналына құлап кеткен. Қатты ағыс оны бірден іліп әкетіп, алып кеткен.

Ер адам құлаған жерінен шамамен 3,5 шақырым қашықтыққа дейін ағып барған. №5 саяжай аумағына жеткен кезде оның өміріне қауіп төнгенімен, ол құтқару арқанына жармасып үлгерген.

Азамат көмек келгенше арқаннан айырылмай ұстап тұрған.

Құтқару үшін су арнасы уақытша тоқтатылды

Зардап шеккен адамды құтқару үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері арнайы операция ұйымдастырған.

Құтқарушылар жедел түрде Талғар гидроторабының мамандарымен байланысқа шыққан.

Адам өмірін сақтау мақсатында каналға су беру шұғыл тоқтатылып, су ағыны Талғар ирригациялық жүйесінің шлюзі арқылы Талғар өзені арнасына бағытталған.

Су деңгейі төмендегеннен кейін ғана құтқарушылар әлсіреп қалған ер адамды қауіпсіз жерге шығара алды.

Одан кейін ол қызметтік көлікпен Талғар аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізіліп, дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ТЖМ