Алматы облысында қызды шығарып салмақ болған жігітті пышақтап кеткен
Алматы облысында 17 жастағы Жангелді Мұраттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі өтіп жатыр.
Марқұмның туыстарының айтуынша, 1 қаңтар күні жасөспірім таныс қызды үйіне дейін шығарып салу үшін сыртқа шыққан. Жолда оны үш жігіт тоқтатып, не себепті олардың «қарындасымен» араласатынын сұраған. Алайда марқұмның туыстарының айтуынша, қыз бен ол жігіттердің арасында ешқандай туыстық байланыс болмаған. Жанжал ушығып, қатысушылардың бірі тоғызыншы сыныпта оқитын ағасын шақырған. Артынша жанжал төбелеске ұласқан. Оқиға олардың үйінің маңында болған.
Марқұмның отбасы Жангелдіге кемінде төрт адам жабылғанын айтады. Қақтығыс барысында жасөспірімге пышақ жарақаттары салынған.
Жараланған бозбаланы ауруханаға жеткізуге тырысқанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Соған қарамастан, айыпталушылар орнында тек бір ғана кәмелетке толмаған жасөспірім отыр. Қаза болған жігіттің туыстары бұл топтық шабуыл болғанын айтып, барлық қатысушыларды жауапқа тартуды талап етуде.
Айта кетейік, сот отырысы айыпталушының кәмелетке толмауына байланысты жабық режимде қаралып жатыр.