Алматы облысында күйеуін өлтірді деген әйелді алқабилер ақтады
Оқиға 2026 жылғы 1 мамырда ерлі-зайыптылардың үйінде болған. Жанжал кезінде әйел күйеуінің жүрек тұсына асүй пышағымен соққы жасаған.
Ер адам алған жарақатынан көз жұмды.Сот процесіне дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде әйелдің ұзақ уақыт бойы отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы ақпарат тараған. Атап айтқанда, оны ұрып-соғу, тұншықтыру, қыста кішкентай баласымен үйден қуып жіберу және жүктілік кезінде жарақат алғаны айтылған.
Сондай-ақ әйел күйеуінің опасыздығын біліп, ажырасуға шешім қабылдағаны және осыдан кейін күйеуінің оған қайтадан күш қолданғаны туралы ақпарат болған. Алайда бұл мәліметтер соттың ресми хабарламасында істің анықталған мән-жайы ретінде көрсетілмеді.
Істі Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен қараған. Алқабилер әйелді кінәсіз деп таныды. Осы үкім негізінде сот ақтау туралы шешім шығарып, әйелді қамауда ұстау шарасының күшін жойды.
Жәбірленуші тараптың моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арызы да қанағаттандырылмады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.