Алматы облысында мыңнан астам балаға ыстық тамақ берілмеген
Алматы облысының прокуратурасы білім беру саласында балалардың құқығы бұзылғанын анықтады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуге тиіс.
Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде облыстың 70-тен астам мектебінде (Еңбекшіқазақ ауданы – 45, Талғар – 7, Жамбыл – 5, Ұйғыр – 14, Қарасай – 4, Қонаев қаласы – 9) аталған талаптардың сақталмағаны анықталды.
Нәтижесінде 1 101 бала мемлекеттік қолдаудың бұл түрімен қамтылмаған. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша балалардың құқықтары қалпына келтіріліп, барлық оқушылар тиісті тамақпен қамтамасыз етілді, кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Жалпы биыл жыл басынан бері облыс прокуратурасымен 30 мыңға жуық баланың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалды.