Алматы облысында оқушылар мен студенттер жазғы демалыста 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады
Алматы облысында 14 жастан асқан оқушылар мен студенттерге жазғы демалыс кезінде уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілмек. Арнайы бағдарлама аясында жастар үш ай ішінде 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Жоба Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы «Менің жазғы каникулым» бөлімі арқылы жүзеге асырылады.
Қатысушылар платформаға тіркеліп, түйіндемесін жүктегеннен кейін өзіне ыңғайлы бос жұмыс орындарын таңдап, өтінім бере алады. Ал 14-15 жастағы жасөспірімдер үшін тіркеуді ата-анасы немесе заңды өкілі жүргізеді. Бағдарлама маусым айында басталып, «Қоғамдық жұмыстар» аясында іске асады.
Биыл өңірде 800-ге жуық оқушы мен студентті уақытша жұмыспен қамту жоспарланған. Жастар дүкен көмекшісі, курьер, аниматор, промоутер, лагерь немесе кітапхана қызметкерінің көмекшісі, SMM маманы секілді жеңіл әрі қауіпсіз жұмыстарды атқарады. Олардың жұмыс уақыты күніне шамамен жеті сағаттан аспайды.
Мамандардың айтуынша, жоба жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін алуға және еңбек мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі. Жалақы еңбек мобильділігі орталығы арқылы төленіп, тікелей жасөспірімнің банк картасына аударылады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға ауыр, қауіпті және түнгі жұмыстарға орналасуға заң бойынша тыйым салынған. Осыған байланысты жүйе талапқа сай келмейтін бос жұмыс орындарын автоматты түрде бұғаттайды.
Өткен жылы осындай бағдарлама арқылы Алматы облысында 500-ге жуық оқушы мен студент уақытша жұмысқа орналасқан. Бағдарлама аясында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан жастарға басымдық берілген.