Әлеумет

Алматы облысында суши-кафеден уланғандар саны 65-ке жетті

Алматы облысының Боралдай кентінде орналасқан Sushi Time кафесіне барғаннан кейін 65 адам медициналық көмекке жүгінді. Зардап шеккендердің барлығы осы мекемеден сатып алынған тағамдарды тұтынған.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева науқастарда тағамнан улануға тән белгілер – жүрек айну, құсу және іштің ауыруы байқалғанын айтты.

Оның сөзінше, барлық пациенттің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Ауыр жағдайлар тіркелмеген.

Қазіргі уақытта 36 адам Алматы облысындағы ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Тағы 29 науқас амбулаториялық ем алуда.

Алдын ала мәлімет бойынша, келушілердің басым бөлігі роллдар мен пиццадан тұратын комбо-жиынтықтарға тапсырыс берген. Жаппай шағымдардан кейін кафе уақытша жабылды.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мекемеде тексеру жұмыстарын бастады. Зертханалық сараптама үшін дайын өнімдер мен шикізаттан сынамалар алынып, кафе қызметкерлері де тексерілуде.

Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы  қорытынды нәтижелер сараптамалар аяқталғаннан кейін жарияланатынын айтты. Әдетте мұндай зерттеулер үш-бес күнге созылады.

Кафе иесінің айтуынша, ол қоғамдық тамақтану саласында шамамен алты жылдан бері жұмыс істейді және бұған дейін мұндай жағдай болмаған. Оның сөзінше, мекеме зардап шеккендерге дәрі-дәрмек пен емдеу шығындарын өтеу арқылы көмек көрсетіп жатыр.

Егер тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталса, кафе иесіне ірі көлемде айыппұл салынуы, қызметі уақытша тоқтатылуы және өнімдері тәркіленуі мүмкін.

Сайт Әкімшілігі