Алматы соты Иаков Воронцовты психиатриялық стационарға жіберді
Алматының тергеу соты Украинадағы соғысқа қарсы шыққан және Қазақстанда РПЦ-дан бөлек православ шіркеуін құруды қолдаған бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовты мәжбүрлі түрде психиатриялық емдеуге жіберу туралы шешім шығарды.
Бұл туралы «Азаттық Азия» хабарлады.
Басылым мәліметінше, 13 мамыр күні тергеуші Атахан Воронцовқа қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны психиатриялық көмек көрсететін арнайы медициналық мекемеге орналастыру жөнінде сотқа өтініш берген. Сот қаулысында бұл «қауіпсіздік шарасы» сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін сақталатыны, кейін оның мерзімін тергеу судьясы бір айдан аспайтын уақытқа ұзарта алатыны көрсетілген.
Воронцовтың адвокаты Ғалым Нұрпейісов «Азаттыққа» сәуір айында тергеу тарапы психиатриялық сараптама жүргізу мәселесін көтергенін, алайда қорғау жағы бұған келіспегенін айтты. Оның сөзінше, енді қорғауындағы азамат мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіліп отыр.
«Біз мұнымен мүлдем келіспейміз. Кез келген сараптаманың негізі болуы керек. Иаков Воронцов психикалық ауытқу белгілерін көрсеткен емес. Бұл бізді қатты алаңдатады. Қорғауымыздағы адамның тағдырына алаңдап отырмыз», – деді адвокат.
Нұрпейісовтің айтуынша, оған сараптама өткізу туралы өтініш берілгені тек кейін хабарланған. Ол сот қаулысына шағым түсірмек.
Бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов 13 ақпанға қараған түні ұсталған болатын. Кейін Алматының әкімшілік соты оны есірткіні медициналық мақсатсыз қолданды деп танып, 10 тәулікке қамаған.
23 ақпанда әкімшілік қамау мерзімі аяқталған соң, ол тергеушіге жауап беруге жеткізілген. Адвокаттың айтуынша, оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы («есірткі притонын ұстау») және 296-бабы («өткізу мақсатынсыз есірткі сақтау») бойынша айып тағылған. Воронцов қазір күдікті мәртебесінде. 25 ақпанда тергеу соты оны екі айға қамауға алған.
Иаков Воронцов бұған дейін Ресейдің Украинаға басып кіруін сынағаны және Қазақстанда тәуелсіз православ шіркеуін құру бастамасын қолдағаны үшін шіркеу қызметінен айырылған еді.