«Алматы Жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау 1 маусымда басталады
Құжаттар 15 маусымға дейін қабылданады.
Бағдарламаға қатысуға өтінімдер 2026 жылғы 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін kezekte.kz порталы арқылы онлайн түрде қабылданады. Өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
Бағдарлама аясында жастарға 20 млн теңгеге дейін тұрғын үй несиесі ұсынылады. Қарыздың пайыздық мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды, ал бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Қатысушылар бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді сатып ала алады. Бұл жастарға өз қаржылық мүмкіндігіне және қалаған ауданына қарай баспана таңдауға мүмкіндік береді.
«Алматы Жастары» бағдарламасына Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде тұрған, жасы 35-тен аспаған азаматтар қатыса алады. Сонымен қатар, үміткердің және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде жеке меншігінде тұрғын үй болмауы тиіс. Алматыда кемінде алты ай ресми жұмыс өтілі және міндетті зейнетақы аударымдарының болуы да негізгі талаптардың бірі.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары және коммуналдық қызметтер саласында еңбек ететін жастарға арналған.
Сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасы бойынша жалдамалы тұрғын үйде тұрып жатқан азаматтар да өтінім бере алады.