Әлеумет

«Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Бүгін Алматы қаласында жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама – «Алматы жастары» бойынша өтінім қабылдау басталды.

Фото: ашық дереккөз

Бағдарлама аясында қатысушылар тұрғын үйді жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Несие 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі, ал қарыздың ең жоғары сомасы 20 миллион теңге. Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер тұрғын үй құнының кемінде 10 пайызын бастапқы жарна ретінде «Отбасы банкке» салуы тиіс.

Алдын ала есеп бойынша, 20 миллион теңге көлеміндегі ипотеканы рәсімдеген жағдайда ай сайынғы төлем шамамен 120 мың теңге болады. Бағдарлама 35 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметкерлерге арналған.

Қатысушылар қатарында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ғылым, журналистика, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет салаларының мамандары бар.

Үміткерлердің Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тұруы және соңғы бес жыл ішінде өз атына немесе отбасы мүшелерінің атына тұрғын үй рәсімдемеген болуы шарт.

Өтінімдер 15 маусымға дейін kezekte.kz порталы арқылы қабылданады.

Сайт Әкімшілігі