Қоғам

Алматы зообағына АҚШ-тан канадалық сілеусіндер әкелінді

Алматы хайуанаттар бағы жаңа жануарлармен толықты. Халықаралық жануарлар алмасу бағдарламасы аясында АҚШ-тан канадалық сілеусіндердің жұбы жеткізілді.

Фото: Алматы зообағы

Зообақтың мәліметінше, жануарлар Алматыға 6 сәуірде келген. Алмасу бағдарламасы аясында Алматы хайуанаттар бағы өз қорындағы жыртқыш құстарды беріп, олардың орнына канадалық сілеусіндерді қабылдаған. Жыртқыштар келгеннен кейін міндетті карантиндік кезеңнен өтіп, ветеринар мамандардың бақылауында болған.

Қазіргі уақытта олар жаңа ортаға толық бейімделіп, келушілерге көрсетіле бастады.

Әкелінген аталық сілеусіннің жасы 3-те, ал ұрғашысы 7-де. Олар ұсақ жыртқыштарға арналған «Леопардтар шеңбері» аумағындағы арнайы вольерлерге орналастырылған. Канадалық сілеусіндердің күнделікті азығына балық, сиыр еті және тауық еті кіреді.

Мамандардың айтуынша, канадалық сілеусін Солтүстік Американың солтүстік өңірлерін мекендейтін ерекше жыртқыштардың бірі. Ол қалың жүнімен, қарда еркін қозғалуға мүмкіндік беретін жалпақ табандарымен және құлақ ұшындағы ұзын шашақтарымен ерекшеленеді. Бұл шашақтар жануардың дыбысты жақсы қабылдауына көмектеседі. Сондай-ақ сілеусіндер өте сақ әрі дыбыссыз қозғалатын аңдардың қатарына жатады.

Олар жүрген кезде артқы аяқтарын алдыңғы аяқтарының ізіне дәл басып отырады. Алматы хайуанаттар бағының мамандары жаңа жұптың болашақта төл беріп, сирек жануарлар популяциясын көбейтуге үлес қосады деп үміттенеді.

Сайт Әкімшілігі