Қоғам

Алматыда 9-қабаттан құлаған 17 жастағы қызды дәрігерлер аман алып қалды

Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлап, ауыр жарақат алған 17 жастағы қыздың өмірін сақтап қалды.

Фото: gov.kz

Медицина мекемесіне жеткізілген кезде науқастың жағдайы аса ауыр болған. Дәрігерлер оған II дәрежелі кома, травмалық және геморрагиялық шок, аяқ-қол, жамбас пен омыртқа сүйектерінің көптеген сынуы, сондай-ақ кеуде қуысының ауыр жарақаттарын анықтаған.

Мамандардың айтуынша, ең қауіпті зақымдардың бірі – диафрагманың жыртылуы болған. Соның салдарынан асқазан, көкбауыр және ішектің бір бөлігі кеуде қуысына ығысып кеткен.

Науқастың өміріне төнген қатерді жою үшін хирургтер шұғыл түрде күрделі ота жасап, ішкі ағзаларды қалпына келтірген. Операциядан кейін қыз 12 күн бойы жансақтау бөлімінде бақылауда болған.

Одан кейін оған сүйек пен буындарды қалпына келтіруге бағытталған тағы төрт операция жасалды. Жалпы емдеу және оңалту шаралары 58 күнге созылған.

Қазіргі уақытта ол ауруханадан шығарылып, оңалту курсынан өтіп жатыр.

Сайт Әкімшілігі