Алматыда автобус ішінде қызды қылқындырған ер адам 10 тәулікке қамалды
Алматыда №227 автобуста егде жастағы ер адам жолаушы қызға шабуыл жасаған.
Оқиға туралы қыз Threads желісінде жазды. Оның айтуынша, жағдай шамамен сағат 18:00-де «Сейфуллин – Шолохов» аялдамасы маңында болған. Қыз автобусқа мініп, артқы орындықтардың біріне отырған. Жанында отырған ер адамнан сәл жылжуын сұраған кезде, ол ашуланып, қызды қылқындырған. Жәбірленуші ер адамның қолынан әрең босап шыққанын, оған басқа жолаушының да көмектесуге тырысқанын айтқан.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысушылар анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сот қаулысымен оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.