Алматыда автобус ішінде жанжал шығарғандар ұсталды
Алматының Түрксіб ауданында болған жанжалға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс тіркеген. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция жанжалға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Құқық қорғау органдары агрессивті әрі қоғамға қауіпті мінез-құлыққа жол берілмейтінін ескертті.
Кінәсі дәлелденген адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.
Полиция азаматтарды арандатуға ермей, дау-жанжалдарды күш қолданбай, бейбіт жолмен шешуге шақырды.